Шолу: Baribar.kz қызметкерлері ақпанда не жазды?

Портал журналистері ақпанда қандай кейіпкерлерді оқырманға таныстырып, нендей мәселелерді көтерді? Қай материалдар көп оқылды? Редакция ұжымы осы айдағы жұмысына шолу жасайды.

Еңлік Сақтан

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан. Фото жеке архивінен

Еңлік Сақтан ақпанда балалар үйінің түлегі Сымбат Жұлдызбайдан сұхбат алды. Сымбат Қазақстанда балалар үйінің жабылғанын қаламайды. Өзі осындай мекемеден тәрбиеленіп шыққан. Оның пікірінше, балалар үйі — ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар үшін таптырмас жылы ұя. Сымбат сұхбатында өзі тәрбиеленген орта туралы айтып беріп, қоғамды балалар үйіне құрметпен қарауға үндеді. Материал ақпанда көп оқылған топ-10-ға кіреді.

Автор Baribar.kz фототілшісі Айгүл Хожантаевамен бірге  көше тазалаушының бір күндік жұмысы туралы репортаж да дайындады. Тілшілеріміз қала көшелерінің қарын күрейтін жұмысшылардың қандай адам екенін, олар нені армандайтынын оқырманға жеткізуге тырысты.

Еңлік сонымен бірге «Алматы ауасын тұмшадан қалай тазарту керек», «Студенттердің тамақтану тәртібі дәрігерлерді алаңдатып отыр», «Жүгіру: қалай бастау керек, қалай киінген дұрыс және тағы басқа» (топ-10)  деген материалдар жазды.

Таңшолпан Бегалықызы

Таңшолпан Бегалықызы
Таңшолпан Бегалықызы. Фото: Еркебұлан Рысдәулетов

Таңшолпан Бегалықызы Алматыда 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі» деп аталатын бірлестік туралы материал дайындады. Бұл ұйым қалада жоғалған адамдарды іздеумен тегін айналысады. Былтыр Алматыда жоғалған 74 адамды іздеп, 51-ін тапқан. Қазір бірлестік демеушіге мұқтаж болып отыр. Материал үздік ондыққа кіреді.

Baribar.kz журналисі Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебіне барып, бейнелеу өнерінің балғын шеберлері қалай білім алып жатқанын да баяндады.

Сонымен бірге автор осы айда «Әншілердің фонограммамен концерт беруіне тыйым салу керек пе», «Қаржы пирамидасына қоғам болып қалай қарсы тұру керек», «Қазақстан халқының өмірі қарызға қаншалықты тәуелді», «Сүт өнімдеріне қатысты қандай жаңсақ пікірлер бар?» деген мәселелерді де көтерді.

Мейірман Лес

Мейірман Лес
Мейірман Лес. Фото жеке архивінен

Мейірман Лес осы айда белгілі тележурналист, «Хабар» агенттігі жаңалықтар қызметінің Алматы бюросының бас редакторы Талғат Құспаевтан сұхбат алды. Сұхбат қазіргі қазақ телевизиясының жағдайы мен телеарна жаңалығы тілшісіне қойылатын талаптар, көрермен талғамы туралы болды.

Baribar.kz редакторы көпшілікке мемлекет қайраткерлерінің жеке басына арналған мақтау жырларымен кең танылған ақын Балтабек Нұрғалиевпен де әңгімелесті. Ақынның шығармашылығын Абай әлемімен тең қойған сөзіне әлеуметтік желі қолданушылары наразы болып еді. Ол өзі туралы қоғамда жиі айтылып жүрген сынға жауап берді.

Мені ешкім ақымақ, топас деп ойламасын. Олай ойлайтындармен сөз таластырғым келмейді. Надандықпен арпалысам деп наданның деңгейіне түспеймін. Мен бәрін ойланып, түсініп, саралап істегенді жөн көремін, — деді Балтабек Нұрғалиев.

Сонымен бірге автор «Жануарды ермек үшін пайдалануға қалай тосқауыл қою керек», «Қазақстанда қорғалатын ғылыми еңбек сапасына көңіліз тола ма», «Ксенофобия мен расизмнен қайткенде арыламыз?» деген мәселелерді көтерді.

Наргиза Аршидин

Еңлік Сақтан
Наргиза Аршидин. Фото жеке архивінен

Наргиза Аршидин аптаның әр күнін кино, ойын, ән, би, коньки тебу, волейбол мен тауға шығуға арнайтын Chameleon командасы туралы материал дайындады. Бұл топта 100-ден астам адам бар, мүшелері — сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар.  Chameleon-ды 4 жыл бұрын құрған Руслан Кеншінбаевтың айтуынша, топ бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуді қалайтын кез келген адамды қабылдайды. Жаңадан қосылған адамдардың талғамы мен мүддесіне қарай топ келешекте белсенді өмір мен хоббидің басқа да бағыттарын дамытпақшы.

Автор әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен оның адамзат ғылымына қалдырған еңбегі туралы тест (топ-10) дайындап, «Балаларды қазақша кітап оқуға қалай қызықтыруға болады», «Климаттың өзгеруіне жол бермеу: белсенділер не ұсынып отыр», «Жаңа заң талабына сай келмей қалған хостелдер жағдайы не болады», «Шетелге кетіп жатқан мамандар легін қалай тоқтату керек?» деген материалдар да дайындады.

Сымбат Айдархан

Еңлік Сақтан
Сымбат Айдархан. Фото: Еділ Мұқажан

Сымбат Айдархан ақпанда «Ата-ана ретінде қазіргі мектеп бағдарламасына қатысты не айтасыз?» деген тақырыпты көтерді. Ол оқушы баласы бар респонденттерге «Орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуі оқушылар мен ата-анаға қалай әсер етіп отыр», «Ата-ананың мектеп бағдарламасына, мектеп оқулықтарына, оқушылардың сабақ үлгеріміне қатысты қандай ұсыныс-шағымы бар?» деген сұрақтарды қойды. Ата-аналар мектеп бағдарламасындағы проблемаларды айтып, шешім ұсынды.

Сонымен бірге автор «Жатыр ісігіне қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін» (топ-10), «Бала көкжөтел жұқтырған кезде ата-ана нені ескеруі керек» (топ-10), «2020 жылы Қазақстанда Парламент сайлауы өтуі мүмкін бе», «Балалар не себепті басылымға жазылуы керек?» деген материалдар әзірледі.