Толқын Забирова, эстрада және опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Фонограмманың қажет және қажет емес кездері болады, бірақ әншілер фонограмманы көп пайдаланады. Бізді шарада ән айтуға концерт болатын күні шақырады. Алдын ала саундчек жасауға, яғни дауыс тексеруге мүмкіндік бола бермейді. Концерт залының акустикасын, микрофонын тексеруге, оркестр болса, онымен айтып, болмаса, тірі дауыспен айтып көруге уақыт керек. «Фонограммасыз, тірі дауыспен айтайыншы» десең, «ертең теледидарға шыққанда нөміріңіз өзге әншілермен салыстырғанда басқаша болып тұрады» деп рұқсат бермейді.

Толқын Забирова. Фото: 1show.kz

Жақында астанада үлкен концертте ән айттым. Тірі дауыспен айтуға болады екен. Күндіз барып, 5 рет саундчек жасадым. Соның өзінде залдың акустикасы келмеді, микрофондардың дыбысы жақсы шықпады, мониторларын дұрыс қоя алмады. Өз дауысымды өзім дұрыс естімей тұрдым. Кешке концерт. Ұйымдастырушылар қайта-қайта келіп, «Толқын, тездетіңізші» дей береді. Дыбысты дұрыстағандай қылды, бірақ концертке шыққанда дауысым көрерменге дұрыс жетпеді. Оны зорайтамын деп бір-екі жерден интонациядан да кетіп қалған сияқтымын. Кейін дыбыс режиссерынан «Дыбыс неге нашар болды?» деп сұрағанымда ол зал тірі дауыспен ән айтуға арналмағанын және аппаратура ескіргенін айтты.

Шетелдің концертін қараңыздаршы. Жабық концерт залы тұрмақ, кең алаңда да дауыс анық шығады. Форсация жасап, дауысым естілсін деп айғайлағың келмесе, фонограмманы қосып жіберуге тура келеді. Басқа қандай амал бар? Аппаратура мен дыбыс режиссеры мықты болса, фонограммасыз айтуға болады, әрине. Ал өзім микрофонсыз-ақ шырқай беремін.

Қазір біздің концерттер залдан гөрі тойшыл қауымның алдында өтіп жатыр. Үлкен залдың аппаратурасы жаңағыдай болса, тойдың аппаратурасынан не күтесіз?! Біреудің көңілін көтеру, біреуді билету үшін гауһар дауысымды анадай нашар аппаратурамен қинағым келмейді. Мені тыңдағысы келетін көрермен концерт залына келгені дұрыс. Ал тойларда негізі плюспен айтамын.

Бұл мәселені шешу үшін әуелі мықты дыбыс режиссерларын дайындау керек. Бізде оқыту жеткіліксіз, шетелге жіберу қажет. Өйткені бұл мәдениет біздікі емес. Ол жақта концерттер қалай қойылатынын көрсін, үйренсін. Шетелден білгенін осында әкеп, жұмысын істесін. Бастысы маманның дыбысты түсінетін құлағы болуы керек. Олар музыкант болуға тиіс.

Бізде бұл салаға еш қатысы жоқ, басқа мамандықты бітіргендер дыбыс режиссеры болып жүр. Жеке концертімді өткізерде симфониялық оркестр, ритм-бокс пен өзім үшін 25 микрофонды қоя алмадық. Дыбыстар шатасып кетеді. Концертім теледидардан көрсетілмек. Залға әне-міне билет сатып алған халық жиналады, екінші дубль деген жоқ. Бір концертті өткізу үшін жылдар бойы жинаған қаржымызды құямыз. Көңіл көншітпейтін нәтиже болғанда қалай ашуланбайсың? «Одан да плюспен кете берсін, есесіне халық дұрыс дыбысты, дұрыс дауысты естиді» деп ойлайсың.

Ақмарал Нұрдәулетқызы, қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы:

Ақмарал Нұрдәулетқызы. Фото жеке архивінен

Концерттерде фонограммамен айтуға тыйым салу керек. Сонда қазақ эстрадасы кәсіби емес, таланты шамалы әншілерден біршама тазарар еді. Билет сатып алып, келіп отырған халықтан ұялу қажет қой.

Қызым да арасында сахнаға шығып, ән айтады. Содан білгенім — дауыс деген аспап екен. Ол бабында болуы үшін дайындыққа күніне кемі 3 сағат уақыт бөлу керек. Фонограммамен айтатын әншілер осыны ескерсе дейсің.

Өткенде әнші Гүлбаршын Тергеубекова ұйымдастырған Абай әндері кешіне бардық. Билетті 3000 теңгеден мектептерге таратты. Концерт өткізуге кеткен шығынды қайтару керек, онысын түсіндік. Сол концертте өнер көрсеткендердің жартысынан көбі фонограммамен айтты. Домбырасын көтерген дәстүрлі әншілер ғана халық алдына тірі дауыспен шықты. Өнер академиясының эстрада-вокал мамандығында оқып жүрген студенттер қара өлеңдерін жазып алған. Фонограмманы халық айыра алады. Билетті сатқан екен, күнде айтып жүрген 3 минуттық әнін тірі дауыспен шырқамауға әншілерге не кедергі?!

Өзім концерт ұйымдастырғанда халық термешілерді, күйшілерді, дәстүрлі әншілерді шақыруымды сұрайды. Өйткені олардың тірі дауыспен өнер көрсететінін біледі. Концерттен қайтарда фонограммамен айтқан әншілерге өкпесін білдіріп кетеді.

Ерлан Әлімов, продюсер:

Ерлан Әлімов. Фото жеке архивінен

Әнші есеп беру концерті сияқты үлкен концерт бергісі келсе, тірі дауыспен бергені дұрыс. Әли Оқапов пен Ziruza-ның продюсерімін. Былтыр Әли Алматыдағы жеке кешін тірі дауыста өткізді. Республика көлеміндегі кештерде ғана емес, облыстық шараларда да әншілердің тірі дауыспен ән салғаны жөн. Бұл шоу-бизнестің дамуына үлес қосады. Ал телеарнаға арналған түсірілім болса, фонограммамен айтуға болады. Өйткені түсірілімнің аппаратурасы тірі дауыспен ән айтуға келмейді. Содан кейін ауыл немесе кішігірім қалалардың аппаратурасы әлсіздеу болғандықтан плюс қосып қоямыз.

Концертте өнер көрсетерде ұйымдастырушылардан жақсы аппаратура қоюды сұраймыз. Әншілерге жағдай жасалса, тірі дауыспен айта береді. Шығармашылық, корпоратив кештерде және тойларда әншілерім алдын ала саундчек жасайды. Концерттерде фонограммамен ән айтуға тыйым салу қаншалықты қажет екенін айта алмаймын, бірақ концертті тірі дауыспен беруге әдеттену керек.

Жеңіс Ысқақова, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Жеңіс Ысқақова. Фото жеке архивінен

Біз Кеңес Одағы дәуірінен келе жатқан әншіміз. Ол кезде фонограмма деген ұғым болмайтын. 90-жылдардың ортасында Республика сарайының сахнасында түсірілім өтетін болып, маған алғаш рет «фонограммамен айтасың» деді. «Ол қалай сонда?» деп түсінбеймін. Не керек, 3 минуттық ән 3 сағатқа созылғандай болды. Фонограммамен айту бізге өте қиын еді. «Аузым сөзге дұрыс түспей қала ма, фонограмма өшіп қалмас па екен?» деп қылпылдап тұратынбыз.

Әнші бір әнді әртүрлі көңіл-күймен айтады. Түсірілімдерде фонограммамен айтсам, аман-есен бітіріп шығуды ғана ойлаймын. Рақаттанып, әнді сезініп айту қайда?! Тірі дауыспен ән шырқасаң, қорықпай айтасың. Бір жолы оркестрмен ән айтып тұрғанда сөзін ұмытып қалып, тоқтатып, қайта айттым. Мұнымнан ұялғаным жоқ. Бұл — әр әншінің-ақ басында болатын жағдай. Фонограммамен ерін жыбырлатқаннан гөрі осы жақсы емес пе?!

Концерттерде фонограммамен айтуға қарсымын. Әншілерге тірі дауыспен айтуды міндеттеп, фонограммаға заң жүзінде тыйым салу қажет. Фонограмманың арқасында шын талантты ажырата алмай қалдық. Дәл қазір тірі дауыспен айтқызса, сахнаға шығып жүрген әншілердің өзі кібіртіктеп қалуы мүмкін. Өйткені плюске үйреніп кеткен, табиғи дауысымен жаттықпағанына біраз болған.

Бұрынғы жылдары көркемдік кеңес болды. Олар студент күнімізден біздің дауысымызға, дикциямызға, біліміміз бен дыбысты ести алуымызға қарап, ән айтып, сахнаға шығуымызды тексеретін. Бізге де республикалық сахнаға шығаратын әншіні анықтайтын көркемдік кеңес керек. Ол Кеңес Дүйсекеев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сияқты үлкен артистерден, талай байқау көрген майталмандардан тұруы керек. Мен де көп байқауға қатыстым, қазылар алқасының мүшесі де болдым. Бұл кеңес консерватория, эстрада колледжі, өнер университеті сияқты оқу орындарынан бастап, шын таланттыны жартылай таланттыдан ажыратып алуы керек.

Тірі дауыспен айтуға аппаратураның жақсысы, дыбыс режиссердың мықтысы болғаны жақсы. Ауылдарға гастроль кезінде әнші қарапайым мәдениет үйінде ән айтады. Оған фонограмманың не қажеті бар?! Шағын залға аппаратура да керек емес, жақсы микрофон жеткілікті. Шын әншіге өз дауысымен ән айту проблема емес.