— Балтабек, билік өкілдері мен олардың төңірегіндегілерге арнап ода жазатыныңыз және соған наразы болғандарға қайтарған жауабыңыз сізге жұрт назары жетпейтіндей ой қалдырады. Бала кезіңізден солай ма, бәлкім, қиындық көрген боларсыз, ата-анаңыз, балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші.

— Cұрағыңызды түсіндім. «Қазіргі көңіл-күйіңізге, мінезіңізге бала кездегі қиындықтар әсер етті ме?» деп сұрағыңыз келеді ғой. Бала кезде психологияма әсер еткен оқиғалар бар, бірақ қазір істеп жүрген әрекетіме, көңіл-күйіме оның қатысы жоқ. Қазіргі болмысым туғаннан солай қалыптасқан. Дәл осындай өткір, өжет, ойлағанын айтатын, істейтін бала болдым.

Балалық шағыма келсем, иә, рас, көп қиындық көрдім. Тілім алғаш шыққанда нағашы әжемді «мама» дедім, бауыр бастым. Ол кісі де маған бар мейірімін төкті. Ол кісінінің анам екеніне қатты сендім.

Сол сенімнің күйрегені, жаныма жара болып жабысқаны бар, өйткені ол кісі өмірден ерте өтті. Абай айтпақшы, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол, Қаза көрген жүрегі жаралы — ол, Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол?»

Биологиялық анамның айтуынша, әжем ауырып, төсек тартып жатқанда әлі ойын баласымын. Ол қайтыс болғанда ешкім айтпаса да, өзімнен өзім өкіріп жылап, басқаша күй кешіппін. Тағы бір қызығы — сол сәтте есік алдында байлаулы тұрған жылқы шылбырын үзіп, мені айналып шауыпты. Екеуіміз дос, бауыр сияқты бірге қайғырыппыз. Өйткені мен одан қорықпағанмын, ол мені теппеген екен.

Мамандығым — драма театры режиссеры. Бұл бағым ба, сорым ба, білмеймін, бірақ маған көп пайдасы тиді. Өмірді тануға, көзқарасымның қалыптасуына көмектесті. Айтайын дегенім, театрда трагедия жанры бар. «Құдай солай қалады». Бұл — трагедияның алғашқы анықтамасы. Бас кейіпкердің өлімі, ешкім өлмесе де, идеалдың күйреуі немесе оның жеңілісі — трагедия жанрының кейінгі ережесі. Театр тұрғысынан алсақ, идеалым күйреді және өлді. Бұл жаныма сөзсіз батты. Бір қызығы — бұл жараның бар екенін кейде ұмытып та кетемін, бірақ кейде алдымнан шығады.

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Барлық ересек басында бала болды, тек олардың көбі мұны ұмытып кетеді» деген сөзі бар. Өзім бала кезімді ешқашан ұмытпаймын. Өйткені әлі де бала сияқты тазамын, бәрін бала сияқты қабылдаймын, бала кездегідей ренжимін, ештеңеден үрейленбеймін. Осылай қала беретін де сияқтымын. Себебі әлі күнге дейін балалар әдебиетін сүйіп оқимын. Балалар ойнайтын фильмдерді көп көремін. Оларды бәрінен артық көремін.

Балтабек Нұрғалиев
Балтабек Нұрғалиев. Фото: Айгүл Хожантаева

— Бала кезіңізде жазған өлеңдеріңізді сынаған адамдар болған шығар?

— Бала кезде сөздермен арпалысып жүретінмін. Олардың ішіндегі тазасын, әдемісін, нұрлысын қолданатынмын. Сол кездің өзінде өлеңге, сөзге деген талабым өте қатты болды. Еркін боп өскенім сонша, әдеби нормаға айналып, әбден сіңіп кеткен кейбір сөзді қабылдай алмайтынмын. Мысалы, «кемпірқосақ» деген сөз мүлдем ұнаған жоқ, әлі де солай. Осы сөзді әдебиеттен оқысам, өзімді рельстен шығып кеткен пойыз сияқты сезінемін. Табиғаттағы ең әдемі құбылысты орыстар «радуга» деп керемет тауып айтқан. Ал бізде неге кемпірқосақ? Бұл жерде кемпірдің, қосақтың қандай қатысы бар? Бала кезде осы құбылыс туралы өлең жазғым келетін, бірақ «кемпірқосақ» деген сөз ылғи кедергі болатын. Бірақ мен оны «күнсәлем» деген сөзбен алмастырдым. Өйткені бұл құбылысқа себепкер болған — Күн мен оның сәулесі.

Бала кезде жазған өлеңдерім көбіне туған жерге, анаға, Абайға, Шәкәрімге арнау ретінде жазылды. Мұндай өлеңдер әлі де жазылып жүр. Бірақ қазіргісінде білім бар деп есептеймін. Абай «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар» дейді. Сөзді қуатты ету үшін көп ой еңбегін сарп етемін. Нұрлы сөз жазу үшін көп еңбектенемін.

Бала кезде өлеңді ғылым деп қабылдамайсың, бұл ойыңды жеткізу деп түсінесің. Ал кейінгі жазғандарым ғылымиланып кетті. Өйткені менің өлеңім — ғылым, оны бәрі зерттегісі келеді. «Балтабек неге бұлай жазды», «Мұнымен не айтқысы келді екен?» дейтіндер көбейді.

Балтабек Нұрғалиев
Балтабек Нұрғалиев. Фото: Айгүл Хожантаева

— 2014 жылғы сұхбатыңызда «Өзімді мықты ақын санамаймын, жарнамаға ұрынбаймын» депсіз. Ал қазір «өзге ақындарды айтпағанда, Абайдан асып түстім» деп жүрсіз. Бұлай айтуыңызға не себеп, ақынға бәрібір жарнама керек пе екен?

— Бұл сұрақ арқылы бойымда екіжүзділік бар-жоғын білгіңіз келеді ғой. Екіжүзділік жоқ, бірақ сөз ойнату бар. Ақын үйдің бір бұрышында өзімен-өзі жылап, өлең жазатын адам емес. Ондай сәттер де болады, бірақ бір бағытта жүрмейсің. Кейде қоғамды сынап, тамырын басып көргің келеді. Мен ешқашан сөзімді құздан итермеймін, тек оған жақындатамын. Халық өзі құздан итеріп жібереді.

Мықты ақын екенімді жұрт біледі, мойындайды. Мен тек солардың сөзін айтып жүрмін. Өтен Ахметов деген жазушы «Балтабек — ұлы ақын. Ешкімге ұқсамайды, қазақ әдебиеті тарихында мұндай ақын болмаған» деді. «Өтен Ахметов солай айтты екен деп неге бағаңды асырасың? Біз Өтенге неге сенуіміз керек?» дейтіндер бар. Мен ол кісіге сенемін, неге сенбеуім керек? Жасы 80-де. Өмірді менен көп көрді, түйгені көп. Өте сауатты кісі. Қазір арамызда Абайды Өтен Ахметовтен артық зерттеген адам жоқ. Ол маған осындай баға берсе, біліп беріп отыр.

Өлеңдерім Абайдан көп оқылады дедім. Логика жағынан да, реализм жағынан да өлеңдерімнің Абайдан көп оқылатыны рас қой. Ақыл-есі дұрыс адам мұны мойындайды. Абайдың кезінде радио, телевизия, интернет, әлеуметтік желі болды ма? Төрт шумақ өлең жазып, онысын Facebook-қа салғанда like басылып, комментарий жазылды ма?

Абайдан ұлымын деп ешқашан айтқан емеспін, Абайдай ұлымын деп жаздым. Маған солай айтуға құқықты кім берді деп ойлайсыз? Абай берді. «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа, ғылым сүйсеңіз» деп жазды ол. Неге соны халық түсінбейді?! Осының бәрін түсініп, мұны халыққа түсіндіріп отырған мына мен Абайдай ұлы болмағанда кіммін?!

Балтабек Нұрғалиев
Балтабек Нұрғалиев. Фото: Айгүл Хожантаева

— Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Дариға Назарбаеваға арнап өлең жазғаныңызды білеміз. Бір жағынан бұл кісілерге не себепті жыр арнағаныңыз түсінікті, билікте жүрген азаматтар. Ал Болат Назарбаев сияқты билік өкілдерінің туыстарына арнап өлең жазуыңызға не себеп болды?

— Жоғарыда «ана» деп атаған әжемнің ерте дүниден өткенін айттым ғой. Тағы бір трагедиям бар. Кішкентайымнан әкесіз өстім. Ол биологиялық анамнан ажырасып, мені тастанды етті, іс-түссіз жоғалды, қамқор болмады. Бір жараның үстіне бір жара қосылды. Осы жара өздігінен жазылып кете ме? Жоқ. Жарамды жазу үшін әкенің мейірімін, қамқорлығын іздеймін. Сол себепті «Өзіңіз — бәйтерегім, асыл ағам» деп Болат Назарбаевқа өлең арнадым. «Бәйтерек» — әкеге айтылатын сөз. Болат Назарбаевтың маған әке болуын күттім, үміттендім. Сіз жауабыңызды алдыңыз.

— Билікті «Нұрсұлтан Назарбаев әулеті басқаруы керек» деп жүрсіз. Неге бұлай ойлайсыз?

— Монархия мемлекет — менің арманым. Мен ойымды осылай жеткізген едім, бірақ көбі түсінген жоқ. Конституция бойынша адамның армандауына шектеу жоқ. Біз контекстіге көңіл бөлуіміз керек. Сөзімнің бәрі өлшеп-пішіп айтылған. Консититуцияға қайшы келетін сөз айтты дегендер қатты қателеседі.

— Мемлекет қайраткерлеріне арнаған өлеңдеріңіз туралы әлеуметтік желі қолданушылары «бұл жігіттің жанры адамның істемегенін істегендей етіп мақтап, бет қызарту» немесе «жағымпаздық, танымал болу үшін жасалатын хайп» деген де пікір айтты. Өзіңіз айтыңызшы, көздегеніңіз не? Кімге нені дәлелдегіңіз келеді?

— Мен жұмбақ адаммын. Әрекетімді жұрт түсінгісі келіп жүргенін, шын басы қататынын білемін. Мен аралда жалғыз жүрген немесе үңгірде отырған адам емеспін ғой, қоғамда өмір сүремін. Ал мен сол қоғамның тамырын басып көремін, тынысын сеземін, ойын оқимын. Қандай жағдай болса да, қате немесе қиянат сөз айтпадым. Бірақ әркім өзінің даналығы мен надандығының шеңберінде деңгейін көрсетеді. Бұрын осыған Абай сияқты ренжитінмін. Қазір ренжімеймін. Абайдың өкпесін, ренішін, уайымын, қайғысын қай қазақ түсініп еді?!

— Заман өзгереді, билік ауысады. Сол кезде қазір жазғандарыңыз құнын жоғалтады, өзіңіз теперіш көруіңіз де мүмкін, сол үшін ұялмайсыз ба?

— Абайдың сөзімен жауап берейін. «Жаныңа біткен жараның, іріңін нетсін надандар».

Менің әдебиетке келуіме, осы уақытқа дейін жазғанымның бәріне жараларым себеп болды ғой. Жаралы кезіңде осылай жазып едің деп айтуға кімнің дәті барады екен? Алланың ісіне қарсы шығуға кімнің батылы жетер екен?

Керісінше, жұрт ұлы трагедияның иесі екенімді түсініп, ұлы жара ұлы өлең тудырғанын түсінеді. Жазғанымның әрқайсы ұлы. Уақыт өткен сайын Абайдың бағасы қалай артса, менің де бағам солай артады.

Балтабек Нұрғалиев
Фото: Айгүл Хожантаева

— Сізді жөні түзу адам деп қабылдамайтындар бар екенін, тіпті ақыл-есіңіздің дұрыстығына да күмән келтіретіндер бар екенін айттыңыз. Оларға не айтасыз?

— Адам есінің дұрыс-бұрыстығына қалай көз жеткізе алады? Маған осындай пікір жазған адамның өзінің есі дұрыс па екен? Маған солай айтатындай, қандай дұрыс емес нәрсе істеппін? Ештеңе. Бәрі — есі дұрыс адамның әрекеті. Меніңше, өзгені емес, әуелі өзін сыйламайтын адамның, еліне жаны ашымайтын, халқын қабылдамайтын адамның, өз Елбасы мен Президентін құрметтемейтін адамның есі дұрыс емес. Ал мен ондай емеспін. Кез келген нәрсені салқынқандылықпен істеймін, қоғамның өзі эмоциямен қабылдайды. Сонда кімнің есі дұрыс емес? Менің ақыл-есімнің бүтін екеніне күмән келтіріп жүргендердің өзіне осы сұрақты қойғым келеді.

Бір айтарым — мені ақымақ, топас деп ешкім ойламасын. Олай ойлайтындармен сөз таластырғым келмейді. Надандықпен арпалысам деп наданның деңгейіне түспеймін. Мен бәрін ойланып, түсініп, саралап істегенді жөн көремін.

— Жазу стиліңізді, ойыңызды өзге ақындар ұрлап жүргенін айтыпсыз. Сіздің жазғаныңыз кімге керек болды?

— Ақын-жазушының көбі ұлы ақын екенімді біледі, сезеді, бірақ айтуға, мойындауға батылы жетпейді. Ал мендей өлең жазуға талпынып жүргендерге ренжімеймін, кінәламаймын. Олардың да, Абай айтпақшы, «болмаса да, ұқсап баққаны» дұрыс.

— Қоғамнан қандай да бір жылы ықылас күтесіз бе? Осы сұхбаттан кейін шығармашылығыңызға көзқарас өзгереді деп ойлайсыз ба?

— Қазірдің өзінде маған қоғамның жылы ықыласы бар. Шығармашылығымды, болмысымды қабылдап жатқандар табылады. Әрине, қазіргіден де көп болғанын қалар едім.

— Не нәрсеге өкінесіз? Қолыңыз жетпеген арманыңыз қандай?

— Әжем ұзағырақ өмір сүргенде бақытты болар ма едім деп ойлаймын. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездескім келеді.

Балтабек Нұрғалиев
Балтабек Нұрғалиев. Фото: Айгүл Хожантаева

— Қазір бақытты емессіз бе?

— Мен ұлы бақытсызбын, бірақ тағдырыма өкпелемеймін! Сұхбат алып, ішімдегі ойды шығарғаныңызға сізге көп рақмет!