Молдияр Ергебеков, СДУ журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, өнертану докторы:

Молдияр Ергебеков
Молдияр Ергебеков. Фото жеке архивінен

Әлеуметтік ғылымдар саласында магистратура мен докторантура бойынша қорғалып жатқан ғылыми жұмысқа көңілім толмайды. Өйткені еліміздегі ғылыми институттарды басқарып отырғандардың, диссертация комиссиясы төрағалары мен оған мүше азаматтардың дені — кеңес заманда білім алғандар. Ол кезде білім беру жүйесі, ғылым деңгейі төмен болды деуден аулақпын, бірақ әлеуметтік ғылымдар бойынша Кеңес Одағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда артта болды. Неге десеңіз, 60-жылдардан бастап бұл салаға қаржы аз бөлінді, «қауіпті ғылым» болып есептелді, мемлекеттің мықты цензурасынан өтті.

Кеңес заманындағы әлеуметтік ғылым өкілдері «Шетелде, әсіресе Батыста қандай зерттеулер жүргізіліп жатыр», «Кімдер алға шықты?» деген сияқты ақпараттан бейхабар еді. Қазірдің өзінде олар жаңа тақырыптан қорқады, қабылдамайды, қорғауға жібермейді. Айтатын сылтауы — «Жоғарыдағылар не дейді?» «Жоғары» деп кімді меңзеп тұрғанын өздері де білмейді. Содан болар, әлеуметтік ғылым саласы қоғамдағы күнделікті проблемалармен айналысудың орнына жалпылама тақырыптарды жазып жүр. Осы күнге дейін Жаңаөзен оқиғасы туралы, Қазақстандағы этникалық қақтығыстар, жұмысшылардың құқықтық, әлеуметтік, мәдени проблемасы туралы ғылыми еңбек қорғалмаған сияқты. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай тақырыптарды зерттеуге батылдық жетпейді.

Қазір жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеу әдістеріне қатысты пән дұрыс жүргізілмейді, тіпті мұны түсіндіріп бере алатын маман жоқ. Бұл сабақ көп университетте оқытылады, бірақ олар «Ғылым дегеніміз не», «Білім дегеніміз не?» деген сияқты жаттанды нәрселерді үйретеді. Соның кесірінен бұл дисциплинаны оқыған магистрант пен докторант ғылыми зерттеуді қалай жүзеге асыратынын білмейді. Сонымен бірге ғылыми еңбекті зерттеу әдіснамасы ақсап тұр. Тағы бір мәселе — қазір жазылып жатқан ғылыми жұмыстарды қарасаңыз, кіріспесінің өзінен жаттанды сөзді көп кездестіруге болады. Жазып отырған адам тақырыпты мынадай ғалымдар зерттеген деп, 20-30 адамның тізімін бере салады, бірақ олардың тақырыпқа қатысты не айтқаны, теория концепциясын қалай қалыптастырғаны жазыла бермейді. Бастысы — зерттеушілердің аты аталды.

Әлемдік стандарт бойынша магистр және доктор диссертацияларына қойылатын талаптар бар. Магистр «Ғылыми зерттеу әдісін білемін, ғылыми еңбегіме қатысты әдебиеттерді оқыдым және былай қорытындыладым» дегенді дәлелдеуі қажет. Ал докторант зерттеу әдісін біліп, тақырыпқа қатысты әдебиеттерді шолып, оны түйіндеумен бірге нақты қандай жаңалық ашқанын көрсетуге тиіс. Бұл міндетті. Тағы бір қате көзқарас — кез келген жұмыс Қазақстанмен байланысты болуы керек деген талап. Мұндай норма еш жерде жазылмаған, бірақ талап етіледі. Осындай қате көзқарас салдарынан қоғамдық мәселемен айналыспайтын, ғылымның не екенін білмейтін, ғылыми зерттеу әдіснамасын меңгермеген «ғалымдарды» өндіруге жол ашып жатырмыз. «Көш жүре түзеледі» дейді, бірақ бұлай жүре берсек, ешқашан түзелмейміз.

Қазақстан университеттеріндегі бакалавриат студенттеріне диплом жұмысын жазу міндеттеледі. Бірақ оларға 4 жыл ішінде «Ғылыми зерттеу әдісі» деген пәнді оқытпайтын, ғылыми зерттеу техникасын үйретпейтін университеттер бар. Менің ойымша, мұндай дисциплинаны өтпеген университет мораль тұрғысынан бакалавриат студентінен диплом жұмысын талап етуге құқы жоқ. Содан болар, 4-курс студенттері диплом жұмысын интернеттен көшіреді, өзге адамға немесе ғылыми жетекшісіне тапсырыспен жаздырады, басқа тілде жазылған еңбекті өз тіліне аудара салады.

Ғылыми еңбекті өзге адамға тапсырыспен жаздыруды тыю үшін плагиатқа қарсы механизм дұрыс жұмыс істеуі қажет. «Балық басынан шіриді». Бірнеше жыл бұрын кейбір жоғары оқу орны ректорларының, министрлікте жұмыс істейтін азаматтардың жазған еңбегі плагиат екені анықталды. Бірақ оларға қатаң жаза қолданылған жоқ, демек, мемлекеттің, Білім және ғылым министрлігінің плагиатқа қарсы механизмі дұрыс жұмыс істемейді. Меніңше, жұмыстың плагиат екені анықталған жағдайда қатаң жаза қолданылуы керек. Оны жұртқа жария ету де маңызды. Сол кезде ғана осы мәселеден құтыламыз.

Зарина Бүйенбаева, медиазерттеуші, кәсіпкер:

Зарина Бүйенбаева
Зарина Бүйенбаева. Фото жеке архивінен

Қазақстан ғылымының жалпы картинасын «міне, мынадай» деп айту қиын. Өйткені техника, жаратылыстану ғылымдары бойынша жазылып жатқан ғылыми еңбектермен таныс емеспін. Әрине, бұл бағыт бойынша зерттеу жүргізіп жүрген достарым бар. Олардың көбі магистратураны шетелде оқыған. Еліміздегі ғылымның қалыптасуына, дамуына үлес қосуға тырысып жүр. Ал гуманитарлық бағыттағы ғылыми жұмыстарға келсек, кемшілік көп. Халықаралық деңгейде жазылған еңбекті кездестіру қиын. Магистранттың өзі диссертациясын эссе түрінде немесе рефераттың ар жақ, бер жағында жазады, ғылыми талаптарды ескермейді.

Магистратураны әуелі Қазақстанда бітіріп, содан кейін Францияда екінші рет оқыдым. Екі елдегі жағдай жер мен көктей екенін байқадым. Мысалы, оған дейін ғылыми жұмыс деп жазған еңбегімнің ешқандай құны жоқ екенін түсіндім. Сол себепті «Теориямен қалай жұмыс істеу керек», «Ғылыми еңбек жазғанда қандай әдістерді пайдалану керек?» деген сияқты нәрселерді қайта меңгеруге тура келді.

Магистранттардың зерттеу жұмыстарында халықаралық зерттеу талаптарын ескеретін, енгізетін уақыт жетті. Қазір елімізде бұрынғы жүйе бойынша білім алған, заманға сай білімге бейімделмеген комиссия студенттің зерттеу жұмысын бағалайды. Мұндай комиссия көп жағдайда грамматика, техника, стилистика қателеріне көп мән береді. Ал жұмыстың нәтижесін, оның мәнін түсінетіндер сирек, бұл бұрынғы жүйеден қалған психология сияқты. Егер жаңа көзқарас, бағыт, зерттеу ұсынсаңыз, комиссияның қабылдай қоюы екіталай. Өйткені мұндай нәрсе өзге адамдардың амбициясына тиіп кетуі мүмкін. Old school профессорлар қатып қалған қағида бойынша жұмыс істейді. Мұндай оқытушыларға ағылшын тілін меңгеру, жаңаша зерттеу жасау қиын шығар. Әрине, олардың арасында да жаңа технологияны меңгергендер бар, бірақ өте аз. Сол себепті жастардың дамуына мүмкіндік көп болуы қажет. Сосын бізде плагиат мәселесі бар. Ғылыми еңбек жазып жүрген адамдардың өзі дәйексөзді қалай дұрыс беру керек екенін түсінбейді. Сол себепті олардың жазғаны плагиат саналады. Университеттерде диссертация тақырыбына қатысты ғылыми мақаланы тезірек жазып, өткізу міндеттеледі. Бірақ ғылыми мақала жазу бір аптаның шаруасы емес қой. Өйткені мақаланың өзінде нәтиже болуы маңызды.

Меніңше, ғылыми жұмысты біреуге жаздыру немесе көшіру адамның санасына байланысты. Бұл мәдениет балабақшадан, мектептен қалыптасады. Францияда студент пәнді толық меңгермесе, емтихан тапсырмайды, қайта оқиды және бұл нәрседен еш қысылмайды. Бірде-бір студент шпаргалка пайдаланбайды, көшірмейді. Ғылыми жұмысты өзге адамға жаздыру деген түсінік мүлдем жоқ. Қазақстанда мұндай мәдениетті қалыптастыру үшін нақты қандай әрекетті қолға алу керек екенін білмеймін. Бірақ саналы, мәдениетті, біліміне сенетін адам мұндай нәрсеге бармайды. Тағы ескеретін нәрсе — елімізде ғылыми мәдениетті қалыптастырып, адамдарды ғылымға ынталандыру қажет. Оған БАҚ өкілдері әсер еткені дұрыс. Қазақстан медиасы ғылымдағы жаңалықтарды халыққа жеткізуден гөрі рейтинг жинайды-ау деген нәрсе туралы айтады, жазады.

Елімізде жазылып жатқан ғылыми еңбек жетеді. Жыл сайын магистратураға көп грант бөлінеді. Бірақ біздегі түсінік бойынша магистратура — бакалавриаттан кейінгі толық жоғары білімді алу. Меніңше, мұндай түсінік болмауы керек. Өйткені магистратураның өзі — ғылымға бір табан жақындау деген сөз. Сол себепті магистратураны кәсіби және ғылыми бағыт деп нақты бөлу қажет. Ғылыммен айналысып, әрі қарай докторантураға түскісі келетіндер ғана ғылыми бағытты таңдауы керек. Содан соң мемлекет ғылымға ақшаны аямай құюы керек, өйткені дәл осы нәрсе мемлекеттің дамуына мүмкіндік береді. Дәл осы нәрсемен халықаралық деңгейде мақтана аламыз, бірақ мұны ескермей отырмыз.

Гүлмира Сұлтанбаева, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Баспасөз және электрон БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор:

Гүлмира Сұлтанбаева
Гүлмира Сұлтанбаева. Фото жеке архивінен

Ғылыми жұмыс әуелі тақырыптан басталады. Тақырыптың өзекті болмауы, түрлі фокустан зерттелмеуі — оны жазған студентке де, қорғауға жіберген университетке де сын. Ғылыми еңбектің қоғамға қандай да бір пайдасы болмаса, оны жазудың мәні де жоқ. Өйткені магистратура мен докторантурада оқып, диссертация жазу осыған дейін жазылған жұмыстарды көшіріп, фактілерді қайта тізу емес. Ғылыми еңбек жазғанда жаңалықтың болуы міндетті. Сол себепті әр оқу жылында ғылыми жұмыс тақырыбын бекітерде көп пікір таластырамыз, кейде ішінара өзгертуге тура келеді.

Қазіргі студенттердің көбі оқумен бірге жұмыс істеп жүреді. Осыдан білім сапасы төмендейді. Әрине, олардың жұмыс істеп, ақша табуына қарсы шыға алмаймыз. Өйткені олар — кәмелет жасына толған азаматтар. Сабақтан бос уақытта жұмыс істеп, оқу ақысын төлеуі мүмкін. Бірақ жұмыс істеп жүрген студент диплом жұмысын қорғауға аз уақыт қалғанда жанталасып, жұмысты талапқа сай орындамай жатады. Қазір осыған қатысты талапты күшейттік. Алдын ала қорғау комиссиясы жұмысын екі кезеңмен ұйымдастырып жатырмыз. Онда студент жазып жатқан жұмысының әр тарауын комиссияға ұсынып, қорғауы керек.

Плагиат мәселесіне келсек, бұл адамның ар-ұятына байланысты деп ойлаймын. Ғылыми жұмыстың алғашқы тарауында бұған дейін осы тақырыпқа қатысты айтылған теорияларды келтіріп, өзге ғалымдардың еңбектеріне шолу жасауға мүмкіндік беріледі. Ал қалған тарауларда біреудің еңбегін қайта көшіріп, жазудың ешқандай мәні жоқ. Бұл тарауларда ғылыми жұмысты жазған адамның ғылыми зерттеуі болуға тиіс. Бұл жерде ғылыми жетекшінің де жауапкершілігі жоғары. Жетекші студентінің жұмысына атүсті қараса, мұндай кезде оларға міндетті түрде ескерту жасалып, келесі жылы мұндай жауапкершілік жүктелмейді.

Тағы бір айтатын нәрсе — ғылыми жұмысқа бекітілген кейбір рецензент жұмысты толық оқып, пікір жазады. Енді бірі жұмысты оқымастан дайын пікірге қол қойып бере салады. Рецензенттердің тағы бірі ғылыми жұмысты оқуға әкелген студенттің жобасын әлеуметтік желілерге салып, сынап жатады. Менің ойымша, бұл кәсіби этикаға сай келмейді. Студент мұндай жұмысты алғаш рет жазып отыр, оның қателесуі заңды. Пікір беріп отырған сарапшы өзінің бірден ондай дәрежеге жетпегенін естен шығарып жатады. Ол да студент болды, ғылыми еңбек жазды, қате жіберді. Оның осындай әрекеті жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп жатқан студентке кесірін тигізеді, бетін қайтарады. Сол себепті қателерін әуелі өзіне айтып, оны түзеуге уақыт беруі керек.

2019 жылға дейін филология және журналистика бойынша диссертация кеңесінде ғалым хатшы болдым. Зерттеуші ретінде айтсам, ғылыми жұмыстардың арасында қоғамға пайдалы еңбектер болды. Солардың ішінде Қазақстан азаматтарының оқу сауатына және ХХ ғасыр басындағы Алаш баспасөзіне қатысты жұмыстардың маңызы жоғары. Басқа жұмыстар да ғылыми талапқа сай жазылған, рәсімделген, бірақ қолданбалы нәтижесі жоқ. Бізде ғылыми жұмыстардың зерттеу трендіне ерекше мән беретін кез келді. Дәл қазіргі кезде медиатехнологияның даму барысын, медиасауатты, медианарық болашағын болжайтын ғылыми еңбектер қажет.

Өзімнің докторлық жұмысымды 5 жыл бойы жаздым, көп зерттедім, еңбектендім. Ондағы сауалнамалар бірнеше кезеңнен тұрды. Талдаудың көп түрі болды. Жұмыстың соңында корреляция талдауларының нәтижесін бердім. Қазіргі жазылып жатқан ғылыми жұмыстардан мұндай талдауды көріп жүрген жоқпын. Мұндай нәрселер ғылыми зерттеудің сапасын арттыруға көмектеседі. Сонымен бірге ғылыми еңбектерде ғылыми болжам болуға тиіс. «Біз неге бет бұруымыз керек», «Не нәрседен алшақ болуымыз керек?» деген сұрақтарға жауап берілуі керек.

Дәйек

2019 жылы бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың докторлық диссертациясының 40%-і ғана түпнұсқа екені туралы ақпарат тарады. Фатима Жақыпова кейін бұған қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, компьютер бағдарламасы тиісті сілтемелерді есепке алмаған себепті еңбектің жартысы плагиат сияқты көрінген және ғылыми еңбектерді қадағалайтын тиісті комитет оның докторлық диссертациясын тексеруге негіз жоқ деп мәлімдеген. 8 қарашада Фатима Жақыпова өз еркімен қызметінен кетті. Артынша Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Фатима Жақыпованың жұмысында плагиат болмағанын айтты.