16 ақпанға қараған түні Алматыны қалың қар басты. Содан бері «Алматы тазалық» ұжымының жұмысы қауырт. Қарды күндізгі топ сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін тазаласа, содан кейін түнгі бригада жұмысқа кіріседі.

Фото: Айгүл Хожантаева

Гүлден Қанатова әдеттегідей сағат 21.00-де жұмысына келді. Жұмысшылар қар күреуге кіріспес бұрын шай ішіп, әлденіп алады. Гүлден апай үйден тамақтанып келіпті.

Гүлден Қанатова
Гүлден Қанатова. Фото: Айгүл Хожантаева

Бір кесе шай ішсем, жетеді, — дейді ол.

Гүлден Қанатова
Гүлден Қанатова. Фото: Айгүл Хожантаева

Мекеме етік, қалың шалбар және күртеше береді. Жұмысшылар күртешенің сыртынан «Алматы тазалық» деген жазуы бар сары жилет киеді. Сары жилеттің ақ жолақтары қараңғыда жарқырап, автомобиль жүргізушісіне жұмысшы келе жатқанын байқатады. Гүлден апайға баскиімге қарағанда орамалы ыңғайлы екен. Ол қай кезде де орамалын басынан тастамайды.

Фото: Айгүл Хожантаева

Алмалы ауданының тазалығына жауапты бірнеше топ бар. Гүлден Қанатова жұмыс істейтін топты олар өз арасында «Панфилов бригадасы» деп атайды. Олар үшке бөлініп, Панфилов көшесінің бойындағы қарды күрейді. «Алматы тазалық» ұжымы қар жауады дегеннен бастап бүкіл техниканы дайындайды. Автокөлік жолы, жаяу жүргіншілер жолы деп бөлмей, екеуін тең тазалайды. Қар күреушілерге жұмыс уақытында құлаққап киіп жүруге, телефонмен сөйлесуге тыйым салынады.

Фото: Айгүл Хожантаева

Қабанбай батыр, Гоголь және «Арбат» деп үшке бөлініп, көшенің қарын тазалаймыз. Бүгінгі жұмысым — орындықтардың қарын түсіру. Күндіз шыққан топ үлгермей қалған болуы керек, — дейді Гүлден Қанатова.

Гүлден Қанатова
Фото: Айгүл Хожантаева

Гүлден апай бұрын аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Денсаулығына байланысты 5 жылдай үйде отырыпты. Бір жыл бұрын ұжымына қайта қосылған.

Бұрын 10 жылдай Жетісу ауданының қарын күреп, көшесін тазаладым. Бұл — өзім үйренген жұмыс. Осылай жан бағып жүрмін, — дейді ол.

Фото: Айгүл Хожантаева

Жұмысшыларға айлық әр айдың 4-інде түседі. Гүлден апай 90-100 мыңның көлемінде жалақы алады. Ол басшылықтың айлықты уақытында беретініне дән риза.

Фото: Айгүл Хожантаева

Аудан бойынша басшымыз қолына күрек алып, бізбен жұмыс істеп кетеді. Ол кісінің сондай қарапайым қарым-қатынасынан жұмысқа құлшынамыз. Бәрімізге «сіз» деп сөйлейді. Айлығымызды ешқашан кешіктірмейді, шүкір, — дейді Гүлден Қанатова.

Фото: Айгүл Хожантаева

Гүлден апайдың күйеуі біраз жыл бұрын қайтыс болған. Бірнеше жылдан кейін 3 жасар қызы да аурудан көз жұмған. Содан бері ол ұлы Ырыскелдіні жалғыз бағып келеді.

Алмалы ауданында айына 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Ұлым колледжде оқиды. Оқуына жылына 180 мың теңге төлеймін. Жақында Ырыскелдіге ноутбук керек болып, сатып алып бердім. Сол кезде кішігірім несие алдым, — дейді ол.

Фото: Айгүл Хожантаева

Ұлы студент болғандықтан үйдің бар шығыны Гүлден апайдың мойнына түседі. Кейде туыстары қаржылай көмектеседі екен.

Ұлымның болашағы үшін тірлігімді жасап жүрмін. Ешқашан көше сыпырып, тазалағаным үшін арланған емеспін, — дейді ол.

Күрек аса ауыр болмағанымен жұмыс күнінен соң адамның қолы талады. Әйел мұндайға үйреніп кеткенін айтты.

Фото: Айгүл Хожантаева

Көше жұмысшылары сағат 00.00-03.00 аралығында тынығады. Тамақ-шай ішіп, жылынады. Әрі қарай жұмыс 07.00-ге дейін жалғасады. Гүлден апай осылай төрт күн жұмыс істеп, бір күн демалады. Мұндай жұмысшылар мереке, демалыс күндеріне, ауа райының құбылуына да қарамай жұмыс істейді. Жаңбырлы күні де су өтпейтін күртешені киіп, көше сыпырады.

Фото: Айгүл Хожантаева

Көшені қар мен қоқыстан тазалайтын адамның жұмысына кедергі болатындар жоқ. Гүлден апай тек промоутерлер таратқан қағазды жәшікке салмай, жерге лақтырып кететіндерге реніш білдірді. Ол жердегі қағаздың бәрін біртіндеп жинайды.

Фото: Айгүл Хожантаева

Қаланың тазалығына біздің ұжым ғана емес, Алматының әр тұрғыны мен қонағы жауапты, — дейді Гүлден Қанатова.

Фото: Айгүл Хожантаева

Гүлден апайдың жұмыс уақытында түнгі Алматыда ары-бері жүретін адам көп. Қыдырып жүретіндер де бар, көше тазалаушылар сияқты нәпақа табу үшін жұмысқа кетіп бара жатқандар да болады.

Фото: Айгүл Хожантаева

Кейде «Мені қойшы, жұмыстамын. Ал мына адамдар түнде не істеп жүр?» деп ойлаймын. Олар да мен сияқты жан бағып, үйлі болсам деп жүрген шығар. Жақында ұжымдағы бір жұмысшыға қайырымды жандар үй алып берді. Мұндай жаңалыққа іштей қуанып, қызықтым, — дейді ол.

Гүлден Қанатова жеке баспанасы болғанын қалайды. Әзірше жалақы күнкөрістен артылмай жүр.