Басты бетЖаңалықтарҚордай ауданында...

Қордай ауданында полицейлерге шабуыл жасағандар қамауға алынды

14 ақпан күні қылмыстық іс айыптау актісімен бірге Қордай аудандық сотына жолданды. Бас прокуратураның баспасөз қызметі айыптау актісінің мәліметін жария етті.

2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе аулында жол полициясы қызметкерлері патрульдеу кезінде Л.Воингуйдің басқаруындағы Honda Odyssey автокөлігін тоқтатқан. Көлікке арналған құжаттары болмағандықтан Л.Воингуйға полиция бөліміне бару ұсынылған. Алайда ол офицерлердің талаптарын орындамай, үйіне қарай бет алған және кейіннен ағалары А.Воингуй және М.Воингуймен бірге полиция қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық жасаған, — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Бұл оқиғаның видеосы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тарап, жаппай тәртіпсіздікке себеп болды.

Аталған факті бойынша Бас прокуратураның арнайы прокуроры Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Үш айыпталушы кінәсін толық мойындап, тергеу сотымен қамауға алынды, — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік неден басталғанын хабарлаған еді. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты.