Масанчидегі оқиға: ұлтаралық араздықты қоздырғандар анықталады

Министрдің айтуынша, жаппай тәртіпсіздік арандататын ақпарат салдарынан болды.

Құрметті журналистер, сіздерді Қордай ауданындағы қайғылы жағдай бойынша ақпарат бергенде объектив болуға үндеймін. Азаматтарды алаңдататын, елді шулататын мәлімет бермеуді сұраймын. Байқасаңыздар, мына жанжал тек бір ауыл деңгейінде болған, алайда WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер мәселені қоздырған, жағдайды ушықтырған. Нәтижесін көріп отырсыздар, бірнеше адам қаза тапты, жарақат алды, қаншама үй-жай өртенді. Сондықтан таратқан әр ақпаратқа жауап беретінімізді ұмытпау керек, — деді ол.

Дәурен Абаев ақпарат таратудың жауапкершілігін журналистерге ғана емес, жалпы ел азаматтарына ескертті.

Бұл жанжалды бастағандар ешқайда қашып құтылмайды. Қазір интернетке, әлеуметтік желілерге, барлық мессенджерге мониторинг жасалып жатыр. Ол жерде, видео, аудиоматериалдың барлығы қаралады. Қазірдің өзінде бірнеше қолданушы анықталып отыр. Олар ұлтаралық араздықты қоздыратын хабарлар таратқан, дезинформация туғызған. Ол мәліметтер құқық қорғау органдарына беріледі. Жанжалды бастағандар мен арандатушылардың бәрі жауапқа тартылады, — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сол күні сағат 19.00-да Жамбыл облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне «Қордай ауданындағы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат келіп түсті. Заңсыз әрекетті тоқтату үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Арандату салдарынан басқа ауылдардан келген 300 азамат төбелеске қосылған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, қару қолданды, үйлер мен машиналарды өртеген. Тәртіпсіздік салдарынан сегіз адам қайтыс болды, 40-тан астам адам жарақат алды, олардың арасында полицейлер де бар. 47 адам ішкі істер бөліміне жеткізілді, оларға қатысты кісі өлтіру, бұзақылық, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру деректері бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Қазір жағдайды полиция мен Ұлттық ұлан тұрақты бақылауға алды. Оқиға себебін анықтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық етеді. Президент комиссияға Жамбыл облысы әкімімен бірге қаза болғандарды жерлеу мен зардап шеккендерге көмектесуді тапсырды.