ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, лайнерде біздің елден екі әйел мен екі бала бар.
Қазақстанның Жапониядағы елшілігі олармен тұрақты байланыста. Қазір Қазақстан азаматтарының жағдайы алаңдаушылық тудырмайды, олар коронавирус жұқтырмаған, соған қарамастан олар вирусты жұқтырғанын жоққа шығару үшін арнайы тест тапсырған.
Аталған кеме 5 ақпаннан бастап карантинге жабылып, карантин 19 ақпанда аяқталатыны мәлім. Карантин аяқталғаннан кейін біздің азаматтарда вирус анықталмаса, оларды кемеден шығарады. Жапон тарапы круиз кемесінен шыққан кезде әр жолаушыны қайтадан қосымша тексеруді жоспарлап отыр. Біздің дипломаттардың мәліметі бойынша кемеде Қазақстаннан екі әйел мен 8 және 12 жастағы екі бала бар. Олар өздерін жақсы сезініп отыр, шағым айтқан жоқ, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Diamond Princess лайнеріндегі Қазақстан азаматтары қажет азық-түлікпен және медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Кемеден түскеннен кейін вирус анықталмаған жағдайда олар елге оралады.
Еске салайық, бұған дейін Жапония жағалауында жолаушылары коронавирус жұқтырған Diamond Princess криуз кемесінде Қазақстанның төрт азаматы отырғаны хабарланған еді.