Қасым-Жомарт Тоқаев: Волонтер жылы кезекті науқан емес

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылында көп ірі жоба қолға алынатынын айтты. Ол қиын тұрмыс жағдайына тап болған адамдарға көмектесетін мыңдаған белсендісі бар ұлттық еріктілер желісінің, Lider.kz, Best for kids, «28 петель» жобалары мен Қамқоршылар клубының жұмысына жоғары баға берді.

Қазақстанда волонтерлық бірте-бірте жалпыұлттық сипатқа ие болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтер ұйымы бар. Онда 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді, — деді Мемлекет басшысы.

Волонтерлар
Фото: Аkorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлық бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.

Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам волонтерын біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық World Clean up day науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілер бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы түрлі мемлекеттің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлық тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлармен
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлармен. Фото: Аkorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет волонтерлық инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуге тиіс. Оның ішінде аймақтық фронт-кеңселер волонтерларға нақты жобаларды іске асыруға көмектесуі қажет.

Волонтер жылы кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік — ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Ол халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Волонтерлар бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруға тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерларға мемлекет қандай қолдау көрсететінін айтты. Оның айтуынша, енді волонтер жұмысы еңбек өтілі болып есептеледі. Волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай көмек беріледі. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр грант құны 300 мың теңге көлемінде. Әкімдер жергілікті бюджеттен қосымша грант бөледі. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлар мемлекеттік наградаларға ұсынылады.