Айдан Сүлейменова, «Аяла» қайырымдылық қорының президенті:

Айдан Сүлейменова
Айдан Сүлейменова. Фото «Аяла» қайырымдылық корының баспасөз қызметінен

Кез келген адам әлеуметтік жағдайына қарамай, волонтер бола алады. Менің ойымша, волонтерлық онсыз да Қазақстанның көп азаматының өмірінде бар. Бұл мәдени кодымызға сай келеді, біздің халықта жауапкершілік те мол. Тек мұны «волонтерлық» деп атамаймыз.

Әуелі біз волонтерлықпен айналысқысы келетіндерге бұл нәрсеге саналы түрде және жауапкершілікпен қарауға кеңес береміз. Кейбір адам волонтерлықты қолында бар ақшаны не затты бір рет құрбан ету немесе адамдарға қандай да бір қызмет түрінде бірнеше рет көмектесу деп ойлайды. «Аяла» қайырымдылық қоры волонтерлықты әртүрлі санаттағы адамдарға үнемі көмек беру деп түсінеді. Ал бұл волонтер боламын деп шешкен адамнан жеке тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені оның үнемі келуін, үнемі көмек беруін күтеміз.

Волонтер болғысы келетін студенттер қазірдің өзінде «Аяла» қайырымдылық қорына хабарласып жатыр, бірақ олардың көбі өз ықыласымен волонтер болғысы келмейді. Оларға «Биыл Волонтер жылы, сол себепті жақсылық істеу керек» деп айтқан. Сол себепті олар мұның не қажеті бар екенін білмей келеді. Ал шынында волонтер болу үшін рухани жағынан толысу керек.

Адамдардың өмірін жақсарту үшін қолыңдағыны беруге, уақытыңды және күшіңді сарп етуге дайын болуың қажет. Жоғары оқу орындарынан келген қыз-жігіттерге «Азаматтарға көмек беру үшін қаншалықты жиі уақыт бөле аласыз», «Кем дегенде 2-3 айға, аптасына 1-2 сағатқа әлеуметтік мекемелерге келуге дайынсыз ба?» деген сұрақты қойғанда таңғалып жатады. Олардың жоспарында тек бір рет келу және оқу орны берген құжатқа белгі қойдыру ғана болады. Өкінішке қарай, біздің қордың жобаларына мұндай волонтерлар жарамайды.

Шынымен қоршаған ортаға пайдалы болғысы келетін адамдар өзінен мыналарды сұраса дейміз: «Мен не ұсына аламын», «Қандай білім мен дағдыны бөлісуге дайынмын?» Бұл сұрақтарға жауап беру дұрыс бағытты табуға көмектеседі. Мысалы, бұл тіл үйрету курсы болуы мүмкін, қарт адамдардың үйін тазалауға көмектесу болуы мүмкін, ас әзірлеуден мастер-класс, қаржы немесе компьютер сауаты бойынша оқыту болуы мүмкін. Құндылығыңызға жақын саланы анықтағаннан кейін қайырымдылық қорларымен байланысуға көмек береміз.

Мұхамеджан Болысбек, Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтандағы Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Мұхамеджан Болысбек
Мұхамеджан Болысбек. Фото жеке архивінен

Елімізде волонтерлардың қызметін дамыту үшін әуелі бұл салаға қатысты бірқатар мәселенің шешімін табу керек. Қоғам волонтерлар туралы жеткілікті білмейді, олардың қызметін түсінбейді. Сол себепті бұл қызметке жүрдім-бардым қарайтындар бар. Азаматтардың мұндай жұмысқа қызықпауы насихаттың аздығынан деп білемін. Сонымен бірге мектеп оқушыларына қоршаған ортаға пайда әкелуге, өзге адамдарға жақсылық жасауға үйрету керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер студенттердің стипендиясын көбейту керек екенін айтты. Менің ойымша, волонтерларды қолдау үшін басқа шараларды да қолға алу керек.

Ал өзі жұмыс істеп, оған қоса, волонтер болып жүргендерді қалай қолдауға болады? Волонтерлықпен үнемі айналысып жүрген азаматтар мұны түйіндемесінде көрсетсе және бұл нәрсе жұмысқа тұрғанда ескерілсе деймін. Сонымен бірге волонтер болып жүрген орта буын мен қарттар да бар. Олардың еңбегін де ескерусіз қалдыруға болмайды. Мұндай азаматтарға шипажайға тегін жолдама беруді немесе қандай да бір қызмет түріне жеңілдік беруді қолға алу керек.

ЕХРО-2017 көрмесінде волонтерлармен бірге жұмыс істедік. Волонтерлар 3 ай бойы көрменің басы-қасында болып, тегін жұмыс істеді. Олар көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген қонақтарға қызмет көрсетті. Көрме аяқталған соң волонтерларға бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар табыстадық, енді біріне білім гранты және жатақханаға орналасуға мүмкіндік берілді. Волонтерлар кез келген шараға шын ниетімен кірісіп, жұмыс істеді. Бұл олардың осы қызметке саналы түрде дайын болғанын білдіреді.

Бибінұр Шербаева, Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының Алматы бойынша төрағасының орынбасары:

Бибінұр Шербаева
Бибінұр Шербаева. Фото жеке архивінен

Қазір қоғам «волонтерлық», «волонтер» дегенді дұрыс түсінбейді. Әуелі осы ұғымдардың мағынасын ашып, түсініп алсақ, сонда жұмыс жақсы жүреді деп ойлаймын. Көбі волонтерларды қайырымдылықпен айналысатын адам ғана деп түсінеді. Менің ойымша, волонтерлық тек қайырымдылық емес. Жерде жатқан қоқысты жәшікке тастаудың өзі қоғамға, экологияға пайда әкеледі.

Биыл Jas Otan жұмысының барысында Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс, тыл ардагерлеріне, сонымен бірге қарттарға көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Біз бұрынғыдай қарттардың үйіне азық-түлік апарып, тұратын жерін тазалауға көмектесіп қана қоймаймыз, олардың көңілін табудың басқа форматын ойлап тапсақ дейміз. Өйткені олардың өмірде бар екенін кейінгілер ұмытып кететін сияқты.

Бүгінде барлық жақсы нәрсе тек жастарға арналған. Сол себепті қарттарды киноға, театрларға, басқа да мәдени орындарға апарып, олардың да қоғамның бір мүшесі екенін ұғындырсақ дейміз. Қарттармен бірге экологияға қатысты проблемаларға да волонтерлардың көмегі керек.

Алматыдағы көп университетте Jas Otan ұйымының филиалы бар. Волонтер болуға қызығатындар жоқ деп айта алмаймыз. Олардың өзі іздеп келеді. Содан кейін оларға бағыт береміз. Қазір әлеуметтік желі, интернет әрбір жас үшін маңызды құрал болып отыр. Оларды қызықтыру үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек. Волонтер болуға қызығатын студенттер «Грант алып бере аласыздар ма?» деп сұрайды. Jas Otan — қоғамдық бірлестік, сол себепті ешқандай уәде бере алмайды. Біз тек жастарды студенттік өмірін дұрыс мақсатқа арнап, олардың өзге жоғары оқу орындарында оқитын замандастарымен байланыс орнатуына ғана уәде береміз.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Kasia Bojanowska)