Волонтер жылында қандай жобаларды іске асырамыз?

Волонтер жылы аясында қандай жобалар іске асырылатыны белгілі болды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының басталуына арналған салтанатта Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы атқарылатын іс-шаралардың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы айтты.

Президенттің айтуынша, «Сабақтастық» жобасы аясында волонтерлар балалар үйі тәрбиеленушілерін қамқорлыққа ала алады. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлық дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем береді. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Асыл мұра» бағыты волонтерларды материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмысына тартады. «Қамқор» бастамасы — волонтерлардың қарттар үйіндегі жұмысы. «Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмысына, ағылшын тілін үйретіп, компьютер бойынша сауатты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша волонтерлар Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.

Президенттің айтуынша, волонтерлықты әрбір қала мен ауылда дамыту керек. Ол мемлекеттік аппаратты, ұлттық және ірі компанияларды ұжымдық волонтерлықпен айналысуға үндеді.

Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау жөнінде бірыңғай кешенді бағдарлама жасау қажет екенін айтты.

Бірыңғай бағдарлама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы — оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті елде жоғары білім беру сапасын арттыру үшін диплом басып шығаратын және тарататын мекемеге айналған жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдауды талап етті.

Салтанат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың белсенді өкілдерін мемлекеттік наградалармен және алғысхаттарымен марапаттады. EXPO аумағында ашылған ArtHUB шығармашылық бастамалар орталығының жобаларымен танысты.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтіні мына жерде.