Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасының мәліметінше, мессенджерлер арқылы халықты азаматтарға күш көрсетуге үгіттеген екі адамды шұғыл бөлімше қызметкерлері анықтады. 1987 және 1990 жылы туған екі жігіттің бірі бұрын кісі тонағаны үшін сотталған. Екеуіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 3-бөлімі («Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру») бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алматы полиция департаменті азаматтарды арандатуға ермеуге, күмәнді ақпарат көзінен «сарафан радиосы» әдісімен жеткен, расталмаған мәліметті таратпауға және ресми ақпаратқа ғана сенуге үндейді, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақмола облысының полицейлері WhatsApp арқылы өзге ұлт өкілдеріне қоқан-лоқы көрсетуге үгіттейтін хабарлама таралғанын анықтады. Polisia.kz медиапорталының хабарлауынша, жедел тергеу шарасының нәтижесінде Шортанды елді мекенінің 50 жастағы тұрғыны ұсталды.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары әлеуметтік желі қолданушыларын адамның жеке басын, ұлтын, діни сенімін қорламауға үндейді. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің мамандары.
Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктен соң ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Бас прокуратура ұлтаралық алауыздықты қоздыратын, арандатуды көздейтін жалған ақпарат таратқандар анықталатынын хабарлаған еді.