WhatsApp күмәнді қолданушыларды біржола бұғаттап жатыр

WhatsApp мессенджерінің әкімшілігі атауы күмән туғызатын топ чаттарына қосылған қолданушыларды біржола бұғаттай бастады.

WABetaInfo порталының мәліметінше, алғашқылардың бірі болып Mowe11 лақап атты қолданушы мәңгілік банға кірген. Ол Reddit сайтына әзіл үшін университеттегі топтастарының чатының атауын «Балалар порнографиясы» деп өзгерткенін айтқан. Бұдан кейін топтағылардың барлығы біржола қара тізімге еніпті. Осыған ұқсас жағдайда WhatsApp әкімшілігі мектеп чатындағы 100-ге жуық адамды бірден банға салған. Бұл туралы порталға FranciscoAlfaro есімді қолданушы айтып берді.

Мессенджердің қолдау қызметі «Есеп жазбалары сервистің ережесін бұзған соң бұғатталды» деп жауап берген. WhatsApp бұғаттаудың қандай мәселеге қатысты екенін нақтыламады. Аккаунт мұндай бұғаттан кейін қайта қалпына келмейді. Мессенджерге оралу үшін басқа нөмір арқылы жаңа есеп жазбасын тіркеу қажет.

WhatsApp желісінің күмән туғызатын топтарды қандай әдіспен анықтап жатқаны әзірше белгісіз. Бұғатқа түсіп қалмау үшін топ администраторларына чат атауын өзгертетін қолданушыларды азайтуға кеңес берілді.