Бердібек Сапарбаев Қордайдағы ахуал туралы: Бәрі қалпына келеді

Оның мәліметінше, бүгінде Қордай ауданында жағдай тұрақты. Кейінгі 5 күнде 141 адам медицина көмегіне жүгінген, оның 19-ы — полиция қызметкері. Қазақ тапқан 10 адамның отбасына әкімдік пен жергілікті демеушілер есебінен көмек берілді. Комиссия мүшелері әр отбасыға Мемлекет басшысының атынан көңіл айтқан.

Қазір Қордай аудандық ауруханасында 13 адам, Алматыда 25 адам емделіп жатыр. Алматыдан Қордайға жоғары білікті 10 дәрігер барған.

Қырғызстанға кеткен барлық 9 адамды біз әуелі Алматыға әкелдік, содан кейін Таразға жеткіздік. Қазір ол жақта адам жоқ. Барлық қажет медициналық көмек беріліп жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.

Үкімет комиссиясы төрағасының айтуынша, 2 күн ішінде Қырғызстаннан 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Қазір комиссия өртенген үйлер мен коммерция нысандарын тексеріп жатыр. Алдағы 1-2 күнде олардың нақты саны мен зардап шеккендердің қандай көмекке мұқтаж екені белгілі болады.

Бұл 3 күнде біз бес ауылдың тұрғындарымен кездестік, оларға қандай көмек берілетінін нақтыладық. Жалпы, тұрғындар жағдайды дұрыс түсініп отыр. Кеше біз ақсақалдармен кездестік, олармен сөйлестік, — деді Бердібек Сапарбаев.

Мектептер, балабақшалар қалыпты режиммен жұмыс істеп жатыр, дүкендер де ашылды.

Тұрғын үйлер мен сауда нысандарын салуға жергілікті құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындар тартылады. Біз Қордай ауданынан шыққан бизнесмендермен жұмыс істейміз, олар көмектесуге әзір. Барлық жағдай бақылауда. Бәрі қалпына келеді деп ойлаймын. Әрине, мәселелер бар, оларды жақын арада шешеміз, — деді Бердібек Сапарбаев.