Бердібек Сапарбаев Қордайдан шекара асқандарды елге шақырды

Комиссия жұмысының екінші күнін ауылдар мен шекара маңы өткізу пунктілерін аралаудан бастады. «Қарасу» шекара бекетінде адам болған жоқ, ал «Ауқатты» бекетінде Қырғызстаннан келген адамдар кезегі байқалды. Олар — осыған дейін көрші республикаға кетіп қалып, енді үйге оралып жатқан қазақстандықтар. Олардың арасында әйелдер мен балалар көп.

Үкімет комиссиясының төрағасы Бердібек Сапарбаев өткізу пунктіндегі азаматтарға сабыр сақтап, арандату ықпалында кетпеуді сұрады.

Сіздерден арандатуларға ермеуді сұраймыз. Бұзылған барлық үйді қалпына келтіреміз, отбасыларға көмек береміз. Біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, залалды есептеп жатыр. Барлығыңызға тағы айтарымыз — кетіп қалған, қазір Қырғызстанда туыстарын паналап жатқан жақындарыңызға елге қайту керек екенін жеткізіңіздер. Президент тапсырмасы бойынша мұнда арнайы Үкімет комиссиясы келді, оның құрамында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары бар. Өткен тәулікте ешқандай оқиға да, құқықбұзушылық та болған жоқ. Жағдай тұрақталды. Құқық қорғау органдарының күшінің арқасында тәртіп пен қауіпсіздік орнатылды, — деді Бердібек Сапарбаев.

«Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, Қордай ауданындағы жағдайдан кейін 7 мыңнан аса адам шекара асқан. Қазір елге қайтқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режиммен өтіп жатыр. Бұл тәртіп бойынша адам жеке куәлікпен шекарадан 3 минутта өтеді.