Президент Жамбыл облысындағы ахуалды қатаң бақылауды тапсырды

Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысына Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қолға алынған шаралар туралы есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге облыстағы ахуалды қатаң бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігіне және еліміздің абыройына нұқсан келтіретін осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттің айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзып, кісі өліміне және дүние-мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырған бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен кетіруді тапсырған еді. Сонымен бірге ол Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Қордай оқиғасын әділ әрі жан-жақты тергеуді, барлық шешімді заңды қабылдауды және кінәлілерді жазасыз қалдырмауды тапсырды.