Қордайдағы тәртіпсіздік: жауапты тұлғалар қызметінен босатылады

Тиісті хабарлама Ақорда сайтында жарияланды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке Жамбыл облысы Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирауына, азаматтардың дүние-мүлкінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен кетіруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Қордай ауданында болған оқиғаны әділ әрі жан-жақты тергеуді, барлық шешімді заңды қабылдауды және кінәлілерді жазасыз қалдырмауды тапсырды.

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Көп ұзамай құқық қорғау органдары жағдайды тұрақтандырды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапты, әуелі 40-тан астам адам жараланғаны, кейін дәрігерлерге 170-ке жуық адам көрінгені хабарланды. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген. Жергілікті тұрғындардың бір тобы Қырғызстан аумағына өтіп кеткен. Ішкі істер министрлігі оқиғаның себебі мен негізгі арандатушысы анықталғанын мәлімдеді.