Кореяның ұлттық кітапханасында Қазақстан бұрышы ашылды

200-ден астам кітапты сеулдік кітапханашыларға олардың астаналық әріптестері сыйға тартты. Бұл қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі шығармалар. Олардың ішінде белгілі қазақстандық жазушылардың және саясаткерлердің туындылары бар.

Шара — Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Ал оңтүстіккореялық кітаптар бөлмесі Астанадағы ұлттық кітапханада 2009 жылы ашылған. Қазір Кореяның ұлттық кітапханасында он миллионнан астам кітап бар, бірақ тек 6 мемлекеттің ғана жеке бұрышы бар. Олар Қазақстан, Сингапур, АҚШ, Түркия, Тунис және Иран.

«Мұндағы мақсат — қазақстандық көрнекті жазушылардың шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар осы елдегі оқырмандарды еліміздің тарихымен, мәдениетімен, бай салт дәстүрімен таныстыру және ұлтаралық татулығымызды, дамыған жаңа Қазақстанды әлемге паш ету», — дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы шетел әдебиеті орталығының қызметкері Рысжан Айтбай.

Дереккөз24 Хабар