Басты бетЖаңалықтарҚырымбек Көшербаев...

Қырымбек Көшербаев Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Стипендияны 75 қайраткер алды. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев және басқалар бар. Сонымен бірге Тұңғыш Президент стипендиясы Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Еслямоваға, актриса Айнұр Рахиповаға, балет артисі Бақтияр Адамжанға, ақын Қанат Омаровқа, дәстүрлі музыка өнерінің орындаушысы Медығат Манаповқа, кинорежиссер Фархат Шәріпов сияқты жас дарындарға да берілді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев зиялы қауымға әл-Фараби мен Абайды насихаттауда бірге атқаратын жұмыс көп екенін айтты.

Биыл әл-Фарабидің туғанына 1 150 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл толды. Жастар қазір үйлену тойында және түрлі мереке кезінде бір-біріне сыйлық беріп жатады. Сол кезде «Абайдың қара сөздері» мен «Абай жолы» кітаптарын табыстаса, қандай тамаша болар еді?! Абайдың әкесі Құнанбай мен Барақ сұлтан жесір дауында қатты ренжісіп, көрмегенім сен болсынмен тарқапты. Кейін Құнанбайдың атына арыз түсіп, айдалады. Омбыдан асып бара жатқанда соңынан Барақ сұлтан қуып жетіп, барлық жылқысын беріп, Құнанбайды аман алып қалған екен. Бүгін жиналған зиялы қауым өкілдері де сол кісілердей бір-бірін қолдап жүрсе дейміз. Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Биыл мерейтойын атап өтіп жатқан ғұламаларымыздың шығармасын насихаттауда бірге атқарар жұмыс көп, — деді Қырымбек Көшербаев.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке әр мектептің маңдайына әл-Фарабидің нақыл сөзін жазып, ілу керек деген ұсыныс айтты.

Оқушылардың ағылшын тілінде сөйлегені өте жақсы. Бірақ балалар әл-Фараби мен Абайдың айтқанын, қазақтың көне сөздерін біле ме? Біздің емес, сол жастардың көңілінен шығуға тырысыңыздар. Әр мектептің маңдайына әл-Фарабидің нақыл сөзін жазып қою керек деп ойлаймын, — деді Ақұштап Бақтыгереева.

Мемлекеттік стипендия иегері, режиссер Адай Әбелдинов еңбегінің еленіп, стипендияның тағайындалғанына алғыс білдірді.

Анимация саласында еңбек етемін. Қазір бұл салаға жақсы көңіл бөлініп келеді. Біз түсірген «Мұзбалақ» мультфильмі жақында Еуропадан жүлде алды. Бала кезінде қазақтың мультфильмін көрмеген адам есейгенде қазақ киносына қызықпайды. Анимациялық фильм түсіру арзан емес, бірақ қазір Мәдениет министрлігі бізді жақсы қолдап жүр. Бұл қолдау жалғасса, өнімді еңбек етуге уәде береміз, — деді Адай Әбелдинов.

Бүгін Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойы ғұламаның атындағы қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында салтанатты жағдайда ашылады.