2020 жылдың 1 ақпанынан бастап айырбас пунктілері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұрын олар күндіз-түні қызмет көрсететін. Жұмыс кестесі қауіпсіздік мақсатында өзгертіліп отыр. Бұл шара кешкі және түнгі мезгілде шетел валютасын қолма-қол сату бағамын қолдан өзгерту, сонымен бірге халық арасында ажиотаж туғызу жағдайларына да жол бермейді.
Әуежайлар, теміржол вокзалдары және мемлекеттік шекарадағы автокөлік өткізу бекеттері арқылы республикамызға келетін және сыртқа шығатын адамдарға қолайлы болуы үшін бұл жерлердегі айырбас пунктілерінің режиміне шектеу қойылмайды — айырбас орындары күндіз-түні, бірінші санаттағы ірі сауда орталықтарында сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді, — деді Жомарт Қажығұлов.
Порталдың мәліметінше, ҚР «Сауда қызметі туралы» заңының 10-бабының 2-тармағы бойынша бірінші санаттағы ірі сауда орталықтарына сауда ауданы 10 мың шаршы метрден асатын, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар сататын, сауда, әкімшілік-тұрмыстық, қойма бөлмелері мен аумағында автокөлік тұрағына арналған алаңы бар орталықтар мен қоғамдық тамақтану нысандары жатады.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, айырбас орындары режимі өзгергенімен шетел валютасымен қолма-қол жасалатын операцияларға, валюта бағамына және спрэдке — қор биржасындағы сатып алу-сату бағасы арасындағы айырмаға шектеу қойылмайды.
Айырбас пунктілері арқылы сомасы 500 000 теңге эквиваленттен асатын айырбас операциясы жүргізілген кезде реестр журналында: клиенттің жеке басын куәландыратын құжат мәліметі, құжат түрі, оның берілген уақыты, нөмірі, жарамдылық мерзімі, клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі, клиенттің заңды мекенжайы жазылады, — деді Жомарт Қажығұлов.
Ал сомасы 500 мың теңгеден аспайтын ақшаны айырбастау кезінде реестр журналына клиенттің фамилиясы, аты мен әкесінің аты және жеке сәйкестендіру нөмірі тіркеледі.