Көптеген адам жеке басына қатысты деректерді желіде жариялағанда, мессенджер арқылы сенімсіз тұлғаға жібергенде немесе жеке куәлігін жоғалтып алғанда жапа шегіп жатады.

Сол арқылы екінші бір тұлға оны пайдасына асырып, түрлі қылмысқа барады. Заңгердің айтуынша, Қылмыстық кодексте тұлғаның жеке басына қатысты ақпарат арқылы алаяқтыққа барған адам ғана емес, оны иесінің рұқсатынсыз пайдаланған тұлға да жауапкершілікке тартылады.

Ержан Болатбектің мәліметінше, соңғы кездері Еуропа елдерінің соты Google компаниясына жеке тұлғаның құқығын бұзатын ақпараттың таралуын шектеуді міндеттеп жатыр.

Себебі әлемдегі барлық елде тұлғаның жеке ақпараты мен құпиясын рұқсатсыз пайдалану, өңдеу мен таратуға заңмен тыйым салынған.

Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысуды, телефон арқылы сөйлесуді, күнделiктер, естелiктер мен жазбаларды, жан сырын, бала асырап алу мен туу құпиясын, дәрiгер, адвокат және банк салымдары құпиясын сақтауға құқығы бар. Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн, — делінген ҚР Азаматтық кодексінің 144-бабында.

Заңгердің айтуынша, адамның фотосуретін де оның рұқсатынсыз жариялау заңсыз.

ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес қандай да бiр адамның бейнесін (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) оның келiсiмiнсiз, ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ, — дейді Ержан Болатбек.

Маманның айтуынша, азаматтық заңнамада ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау ұғымы бар. Сондықтан әр азамат жеке мәліметін заңсыз пайдаланған адамға қарсы полицияға арыз жазуға құқылы.

Заңгер азаматтарға жеке куәлігі мен басқа да құжаттарын интернетте жарияламауға және оларды мессенджерлермен бөгде адамдарға жібермеуге кеңес берді. Егер жеке куәлік жоғалса, дереу құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіну керек. Оның айтуынша, тұлғаның аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірінің өзі алаяқтардың көп пайдасына жарайды екен.