Үкімет жанынан құрылған комиссия оқиғаға себеп болуы мүмкін төрт жайтты қарастырған. Біріншісі — әуе көлігінің коммерциялық жүктемесі мен центрлеуінің бұзылуы, екіншісі — ауа райы жағдайы, жел қозғалысы, бағыттас ағыс, мұз қату сияқты сыртқы факторлар, үшіншісі — экипаждың пилоттаудағы қатесі, төртіншісі — авиация техникасының бұзылуы. Роман Склярдың айтуынша, ұшақ ұшар алдында мұз қатырмайтын сұйықпен түгел өңделмеген.

Метеорологиялық ақпаратты және борт жазбасынан алынған параметрлік деректерді талдауды ескерген жағдайда апат себебінің негізгі нұсқасы әуе көлігіне мұз қатуы болып отыр. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, Үкімет комиссиясы экипаж бен әуе компаниясы қызметкерлерінің және ұшуды қамтамасыз ету қызметтерінің ұшуға, сонымен бірге ерекше жағдайлардың тууы мен дамуына дайындық процесіндегі іс-әрекетіне толық талдау жүргізу жұмысын жалғастыра береді, — деді Роман Скляр брифингіде.

Еске салайық, Алматы маңындағы ұшақ апаты 27 желтоқсанда сағат 07.22-де болған еді. Bek Air әуе компаниясының Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы көтерілу кезінде бетон қоршауды бұзып, Гүлдала мен Әлмерек елді мекендері арасындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды.

Бортта 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған азаматтардың отбасына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруді, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компаниясының жұмысы мен авиация инфрақұрылымы нысандарын тексеруді, қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апаты себептерін анықтауды, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды және Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын анықтауды тапсырды.

28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.