Bek Air әуе компаниясының өкілдері ұшақ апатынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай түсінік бермеу себебі туралы айтты.
Мен әуе компаниясын бұрын басқарғанмын, енді компанияға оралуға мәжбүрмін. Біз алғашқы күндері шокта болдық, сондықтан екі күн бойы эфирге шықпадық. Біз оқиға орнында болдық, үйінді ақтаруға көмектестік, айғақ бердік, — деді Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов апаттан кейін алғаш рет өткізген баспасөз мәслихатында.
Бүгін Үкімет отырысының кулуарында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр апаттан кейін Bek Air компаниясының түсінік бермеуін айыптаған еді.
Олардың БАҚ-қа түсінік бермеуі дұрыс емес деп есептеймін. Олар адамдардың қайтыс болуына байланысты қандай қолдау көрсетілетінін, зардап шеккендермен қандай жұмыс жүргізетінін айтуға міндетті болды, — деді Роман Скляр.
Вице-премьердің мәліметінше, Bek Air 10 қаңтарға дейінгі аралыққа 19 мыңға жуық авиабилет сатқан. Апаттан соң 9 мыңға жуық билет қайтарылған немесе басқа әуе компаниясының рейсіне ауыстырылған.
Роман Скляр Bek Air әуе компаниясының лоббиі туралы да айтқан еді, оның сөзіне қарағанда компания халықаралық тасымалдарды IOSA сертификатынсыз іске асыруға талпынған.
27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған. Ұшақ әуеге көтеріліп жатқанда бетон қоршауды қағып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. 12 адам қаза тапты, қазір 46 адам ауруханада жатыр. Ұшақтың бортжазбасы Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне жіберілді. Әуе компаниясының қызметіне және Fokker 100 ұшақтарын қолдануға уақытша тыйым салынды.