Қоршаған ортаны ластаушыларға талап қалай күшейеді?

Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экология кодексінің жаңа редакциядағы жобасын таныстырды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға 2,5 миллион тонна ластаушы зат шыққаны белгілі болып отыр, бұл былтырғыдан 100 мың тоннаға көп.

Тиісті шара қолға алынбаған жағдайда 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттар эмиссиясы 3,6 миллион тоннаға дейін өседі. Парник газдарын азайту бойынша қажет шараларды іске асыру үшін министрлік неміс тарапының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Мағзұм Мырзағалиев
Мағзұм Мырзағалиев. Фото: Primeminister.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің 3,5 мың полигонында 120 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық жинақталған және жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып отырады. 2016 жылдан бастап мұндай қалдықты өңдеу 2,6%-тен 11,5%-ке дейін, ал өнеркәсіп қалдығын өңдеу үлесі 26,8%-тен 32,2%-ке дейін өскені байқалады.

2019 жылдан бастап полигондарға пластмассаны, макулатура мен шыныны көмуге тыйым салынды. Бірақ өңірлерде тиісті инфрақұрылым болмағандықтан іске қосылған механизм жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылмай отыр.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, атмосфера ауасының сапасы, жерүсті сулардың ластануы, кәріз құрылғыларының тозуы немесе болмауы, тұрмыстық қатты қалдық полигондарының болмауы немесе жай-күйінің нашарлығы сияқты проблемалар әлі бар. Жекелеген өңірлердің өзіне тән жергілікті экологиялық мәселелері тағы бар.

Жергілікті атқарушы органдар экология жағдайын жақсарту жөніндегі кешенді шараларды қолға алу арқылы аталған проблемаларды шешуге тырысады. Дегенмен республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейдегі шараларды іске асыру қажет, — деді министр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экология кодексі мен оған ілеспе заң жобаларын әзірледі. Экология кодексі жобасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қоршаған орта мәселелерін реттеудегі тәжірибесі негізінде әзірленген.

Жаңа кодекс жобасы өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қауымдастықпен талқылана отырып жасалған. Қоғам өкілдерінің 2 мыңнан астам ұсынысының біразы кодекске енді. Құжат 7 негізгі принциптен тұрады. Олар:

  • ластанудың алдын алу мен бақылауға және қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілік көздеу, ауа мен табиғатты ластаушылар қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті;
  • қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері, бұл талап ауаға таралатын ластаушы заттардың 80%-іне жауапты «бірінші санаттағы» 2,6 мың кәсіпорынға ғана қолданылады;
  • озық технологияларды енгізу мен экономикалық ынталандыру шаралары, ол үшін өнеркәсіп кәсіпорындары технологиялық аудиттен өтеді, озық технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия (қоршаған ортаға зиян заттар шығарғаны үшін салынатын айып) төлемінен босатылады;
  • эмиссия үшін түсетін төлемдерді экология шараларына бағыттау;
  • қоршаған ортаның ластануын қадағалаудың автоматтандырылған жүйесін құру;
  • экология ахуалына бақылауды күшейту, әкімшілік айыппұл көлемін 10 есе ұлғайту арқылы мұндай заңсыздық үшін жауапкершілік күшейтіледі;
  • өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру.