Алматы әкімі экологиялық менеджментті жақсартуды тапсырды

Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданын аралап, аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алмалы ауданы әкімінің айтуынша, қазір әкімдікте аулаларды күрделі жөндеу, газбен қамтуды дамыту, мектептер мен балабақшаларды сейсмикалық күшейту жоспары тұр. Тозған желілерді жөндеп, жеке үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу керек. Бақытжан Сағынтаев осы мәселелерді шешудің нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді, экологиялық менеджментті жақсартуды, апатты ағаштарды жойып, жасыл желекті қорғауды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев «Алматы Тазалықтың» жұмысымен және жаңа өндірістік базаның құрылысымен танысты. Модернизация барысында базада жылы гараждар, тұзеріткіш тораптар, құм-тұз қоймасы және көлік жуатын орын болады. Кәсіпорынның міндеті – қаланы таза ұстау, қоқысты дер кезінде жинау, арықтар мен жауын кәріздерін тазарту және қысқы маусымға дайындалу.

Алматы әкімі өтпелі жолдардың қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғалары мәселелерін қарады. Әкім реттелмеген өтпелі жолдарды абаттандыруды және оларды жарықтандыруды міндеттеді. Бақытжан Сағынтаев «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында Жібек жолы көшесін модернизациялауға қатысты жүріп жатқан құрылыс жұмысы мен Vision Zero Almaty бағдарламасы аясында жол инфрақұрылымын реконструкциялауды тексерді. Бағдарлама жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және жол-көлік оқиғасы кезінде өлім-жітімді азайтудың оң шараларын ұсынады.

Әкімнің айтуынша, қаланы дамыту барысында жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің ортақ мүддесін қалыптастыру өте маңызды.

Дәл осы күні қала басшысы жарты миллионға жуық қала тұрғынын жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған Төле би көшесі бойындағы жылу магистралін жаңарту барысын тескерді. Биыл мұнда жарылу қаупі бар бөліктерге ғана жөндеу жүргізіліп жатыр. Қала басшысы жүргізілген жұмыстың сапасына бақылауды күшейтуді және дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев қаланың арық жүйелері мен каналдарының жағдайымен танысты. Қала басшысы арықтар мен жауын кәріздерін инвентаризациялауды және оларды реконструкциялауды міндеттеді. Әкім сел мен көшелерді су басу себептерін жоюды тапсырды. Су басып қалу қаупі бар учаскелер қала әкімінің бақылауына алынды. Су басып қалу қаупін болдырмау, оларға жедел назар аудару және зардаптарды жою үшін жұмыстарды үйлестіретін орталықтандырылған жүйе енгізіледі. Бұл іспен төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдері түбегейлі айналысады.

Қала әкімі «АлматыСпецТехПаркингтің» жұмысымен де танысты. Жобада әлемнің ірі қалаларының тәжірибесі негізінде автокөлік тұрақтарын ретке келтіру үшін ақылы тұрақтар желісін қалыптастыру, қала аумағын тиімді пайдалану және тұрғындар үшін жайлы орта жасау қарастырылған. Қазіргі кезде қалада 5909 тұрақ орны бар, олардың 186-сы мүгедек жандардікі. Тұрақтар кеңістігі құрамына тұрақтар, қозғалыстарды ұйымдастыру, қоғамдық көлік пен автомобильдерді эвакуациялау қызметі енген орталықтандырылған бірыңғай жүйе арқылы басқарылады.

Алмалы ауданын аралаған кезде Бақытжан Сағынтаев көлік және жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысып жүрген қаланың белсенді жастар өкілдерімен әңгімелесті.

Қаланың шет аудандарында көлікті дамыту идеяларын талқылау үшін олармен кездесуді жоспарладым. Ынталы белсенді жастар, жастар және еріктілер ұйымдары мегаполисті дамыту бойынша түрлі жобаларға белсенді түрде қатысуы тиіс деп есептеймін. Барлығыңды бірге жұмыс істеуге шақырамын. Қала басқармалары мен аудан әкімдіктері қолжетімді болуы әрі ести де, тыңдай да білуі тиіс, — деді мегаполис әкімі.

Ауданды аралаған Бақытжан Сағынтаев мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ашылған ескерткішке арнайы барып, гүл қойды.