Дариға Назарбаева: Қалдықты полигонға көмуге тыйым салуға әлі ерте

2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда тамақ және құрылыс қалдығын полигонға көмуге салынатын тыйым күшіне енеді.

Сенатта қатты тұрмыс қалдығын кәдеге жарату мәселелеріне арналған Үкімет сағатында палата төрағасы Дариға Назарбаева қалдықты полигонға көмуге тыйым салуға әлі ерте екенін мәлімдеді. Себебі әзірше қоқысты басқаша залалсыздандыру мәселесі шешіле қойған жоқ.

Тұрмыс қалдығымен бірге бізде 170 миллион текше метр радиациясы бар қалдық та жиналып қалды. Ол топырақ пен атмосфераны ластап қана қоймайды, ол біздің өзімізді өлтіріп жатыр. Біз денсаулық сақтауды дамытуға қомақты қаржы бөліп, адамдардың өмір жасын ұзарту үшін күресіп жатырмыз да, екінші қолымызбен өзімізді өлтіріп жатырмыз. Қазір денсаулық сақтауға ақша жұмсауымыздың қисыны кетіп жатыр, шығын көп, жыл сайын артып барады. Мен мұның бәрі өзара байланысты деп есептеймін, — деді Дариға Назарбаева.

Сенат төрағасы республикалық маңызы бар қалалар маңындағы тұрмыс қалдығы көмілген полигондар жайы да алаңдататынын айтты.

Әңгіме халқының саны миллион адам немесе одан көп қалалар туралы. Қалалар халқы қарқынды өсіп келеді, олар тұрмыс қалдығын көп шығара бермек, — деді палата спикері.

Дариға Назарбаева келер жылдан бастап қоқысты полигонға көмуге салынатын тыйым күшіне енетінін, бірақ қоқысты залалсыздандырудың балама әдісі әлі табылмағанына көпшіліктің назарын аударды.

2020 жылдың қаңтарынан бастап полигондарға тамақ және құрылыс қалдығын көмуге тыйым салынады. Ал оны қайда жіберетінімізді білу қызық болып тұр. Қайда? Үкімет немесе заңдар басқа балама ретінде не ұсынып отыр? Бұл мәселені толық шешілмейінше мен мұндай тыйымды енгізуге болмайды деп есептеймін, өйткені күні ертең сіздер сол полигондар мен онда жұмыс істейтін адамдарды жазалайсыздар. Бұл әсте жай мәселе емес, — деді Дариға Назарбаева.

ДереккөзZakon.kz