Қасым-Жомарт Тоқаев студенттер стипендиясын көбейтуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының басталуына арналған салтанатта студенттер стипендиясын көтеруді тапсырды.

Жоғары оқу орындары студенттері стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін білемін. Бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ, стипендия 2016 жылдан бері көтерілген жоқ. Оның объектив себептері болды. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің стипендиясын 25% көтеру қажет. Бұл барлығы 133 мыңға жуық адамды қамтиды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент колледж студенттерінің стипендиясы да көбейетінін айтты.

Осы жылдың қыркүйегінен бастап жұмысшы мамандығын меңгеріп жатқан 122 мың оқушының стипендиясы 30% көбейгенін білесіздер. Менің тапсырмам бойынша Үкімет 2020 жылдың қаңтарынан бастап орта арнаулы білім алып жатқан колледж студенттерінің стипендиясын да 25% ұлғайтады. Бұл — тағы 100 мың адам. Бұл шаралар студенттерімізге арналған жақсы қолдау болады деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің шешуші міндеттерінің бірі білім берудің сапасын арттыру екенін айтты.

«Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, түлектердің 60%-ке жуығы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Бұл біздің білім беру сапасының қандай екенін көрсетеді. Оқып жүрген кезінде-ақ біздің жастарымыз басқа мамандық бойынша еңбек етеді. Жұмыс істеп, табыс тапқан жақсы, бірақ, әрине, адам өз мамандығы бойынша еңбек еткені дұрыс, — деді Президент.

ДереккөзTengrinews.kz