Дәріге сараптама жүргізуге жасанды интеллект қолданылады

Мамандар жасанды интеллект Қазақстанның фармацевтика нарығын қорғайды деп отыр. Ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасының хабарлауынша, машина интеллектісін қолданудың арқасында бұдан былай дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына сараптама жүргізудің мерзімі 210 күннен 160 күнге қысқарады.

Сонымен бірге Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы базасында сараптама жүргізу процестерін тиісті практика мен GRevP сараптамасы қағидалары негізінде трансформациялау басталды. Бүгінде бұл ұлттық орталық дәрі-дәрмекке фармакология бақылауын жүргізу жөніндегі жалғыз уәкілетті орган болып отыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына 6 537 сараптама жүргізілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18% көп. Былтыр медицина өнімінің қауіпсіздігі мен сапасы туралы 63 000-ға жуық қорытынды жасалған.

Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау ведомствосы медицинаны цифрландыру салаға бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген еді. Сарапшылар электрон жүйеге көшу шамамен жарты миллиард теңгені үнемдейтінін есептеп шығарған.

Денсаулық сақтау министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елдің барлық алыс аймағында орналасқан емханаларды компьютермен және интернетпен толық қамтамасыз еткелі отыр. Бұл бастама 2022 жылға дейін жүзеге асады. Қазіргі таңда барлық облыс орталығы біртіндеп электрон жүйеге көшіп жатыр. Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары қағазбастылықтан біртіндеп арылып келеді.