Алматыда СДУ базасында робот техникасы мектебі ашылды

Сулейман Демирел университетінің базасында алғаш рет мектеп жасындағы жеткіншектерге арналған робот техникасы мектебі ашылды. Жоба СДУ университеті мен RobotX IT мектептер желісінің екіжақты серіктестігінің арқасында іске қосылды.

Робот техникасы мектебі
Фото: СДУ баспасөз қызметі

Жоба жетекшілері робот техникасы мектебі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасөспірімдердің цифрлық сауатын арттыру мақсатында жас жеткіншектерге бағытталған бірегей алаң деп отыр. Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне жалпы саны 60-тан астам бүлдіршін алғашқы сынақ сабақтарға қатысып, IT саласының түрлі бағытынан өз мүмкіндіктері мен білім көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

Біздің мақсатымыз — 7 мен 17 жас аралығындағы мектеп оқушыларын жастайынан компьютерлік білім алуға, ойын ұшқырлап, логикасын шыңдауға өз үлесімізді қосу. Мектеп бағдармасы жан-жақты, мұнда: робот техникасы, компьютерлік бағдарламалау, анимация, 3D модельдеу, ракетамодельдеу, кодтау, логика, өз бетінше ойын құрастыру сынды түрлі бағытта білім беріледі. Әсіресе, қазақ мектептеріндегі балаларға зор көңіл бөліп, оқу бағдарламасын қазақ тілінде жүргізуге икемдедік. Мектептен жан-жақты ақпарат алған тәлімгерлер, мектеп бітіруші жасқа жеткенде болашақта қандай мамандық иесі болуын өз бетінше таңдап, жаңа технологияларды  толыққанды меңгеріп шығады. Ал заманауи технологияларды меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосары сөзсіз. Елімізді көркейтіп, 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосатын негізгі күшіміз — білімді ұрпақ, — дейді жоба жетекшісі Мирас Долаев.

Жобаның авторлары жас жеткіншектерге тек жаңа технологияларды үйретіп қоймай, үздік тәлімгерлерді республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыруды көздеп отыр. Жеткіншектерді байқауларға СДУ университетінің Инженерлік және жаратылыстану факультетінің ұстаздары мен түлектері дайындайды.