Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен екінші рет кездесті. Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу еркін микрофон форматында өтті.
Ауданның ең өзекті мәселесі — құлағалы тұрған үйлер. Алматыда шамамен 1000-ға жуық ескі үй болса, оның тең жартысы Түрксіб ауданында. «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында жаңа үй салу үшін жеке инвесторлар тартылып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Бірақ тұрғындардың кейбіреуі ұсынылған шарттармен келіспегендіктен ескі үйлерді құлату мәселесі ұзаққа созылып кетті, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкім тұрғындарды бұл бағдарламаны іске асыруға кедергі болмауға үндеді. Кездесуде құлағалы тұрған ағашты кесу мәселесі де қозғалды. Түрксіб ауданында 500 мың ағаштың 12 мыңға жуығы құлағалы тұр.
Тұрғындар әкімге «Нұршашқан» ықшамауданында медпункт салу туралы да сұрақ қойды. Қала әкімі оның құжатын жедел әзірлеуді әрі нысанды келер жылы пайдалануға беруді тапсырды.
Алматы әкімі кездесуде қаланың басқарма басшыларын тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелерді шұғыл шешуге міндеттеді. Сонымен бірге ауданның көлік нөпірі көп көшелеріндегі жаяулар жолағына бағдаршам орнатуды тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» даму стратегиясы жасалып, көпшіліктің талқысына ұсынылғанын еске салды.
Мегаполистің барлық бұрышында сапасы жағынан бірдей жол, жарық, сумен қамту және өркениеттің басқа да нышандары болуы үшін біз таяудағы бірнеше жыл ішінде жол және инфрақұрылым мәселелерін толық шешеміз. Тиімді жұмыс істеу, бірімізді-біріміз тыңдай және ести алу үшін біз осындай екі жаққа да пайдалы кездесулер өткізіп жүрміз. Бірлесіп жұмыс істегенде ғана табысқа жетеміз, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкім келер жылдан бастап қала бюджеті «Менің аулам», «Менің көшем», «Менің ауданым» атты мақсатты бағдарламалар бойынша жасалатынын айтты. Соның арқасында Түрксіб ауданының көп мәселесі шешілмек.
Аудан тұрғындары қоғамдық көлік сапасына қатысты да шағымданды. Әкімнің айтуынша, барлық бағытты 100% қамтамасыз ету үшін қалаға шамамен 1000 автобус қажет.
Қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыруда біз әлем қалаларының озық тәжірибесін игереміз, бағыттарды тұрғындардың сұранысы бойынша жасақтаймыз, қалалықтар қай жаққа жиі баратын болса, автобустар да сол бағыттар бойынша жүреді, — деді Алматы әкімі.
Кездесуде мектептердегі орын тапшылығы да айтылды. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қалада шамамен 30 мың оқушыға орын жетпейді. Сол себепті келер жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 13 мың оқушы сыятын сегіз мектеп салу жөніндегі ауқымды бағдарлама қолға алынады.
3 сағатқа жалғасқан кездесуде Түрксіб ауданының 54 тұрғыны Бақытжан Сағынтаевқа барлығы 130-дан астам сұрақ қойды.