Алматы әкімі қаладағы қоғамдық көлік проблемаларын атады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы қоғамдық көлікке қатысты шешімін таппаған мәселелерді атады. Бұл туралы әкім Facebook-парақшасында жазды.

Бүгін әкімдікте қоғамдық көлік саласының жұмысын жете қарадық. Нақты жұмыс жүріп жатыр. Жылжымалы составтың автобус паркі жаңарып жатыр. Жолайрықтары салынып жатыр. Дегенмен шешімін күткен мәселелер бар, — деді әкім.

Оның айтуынша, бірінші мәселе — автобус парктері үшін білікті кадрлардың — жүргізушілердің, слесарьлар мен механиктер сияқты басқа да сервис мамандарының тапшылығы. Оларды даярлаудың жүйесі жоқ.

Қалалық мобильділік (Телібаевқа) және білім (Қожабергенова) басқармаларына білікті кадрлар дайындаудың нақты шараларын жасауды тапсырдым. Бұл жұмысты кадрлар қажеттілігіне болжам жасап уақытылы әрі колледждердің оқу жоспарына сай жүргізген жөн. Апта ішінде Телібаев бұл процесті ұйымдастырудың нақты механизмін ұсынуы тиіс, — деп жазды Бақытжан Сағынтаев.

Екінші мәселе — экологиялық таза көлік — Алматының троллейбус желісі дұрыс бағаланбай келеді. Бұлардағы байланыс желілері тозған, күн сайын үзіліп жатады.

Әкімдікке қаланың барлық троллейбус желісін жөндеуді тапсырдым. Биылдың өзінде Тимирязев көшесі бойындағы барлық 5,1 шақырым желі ауыстырылады. Қажет қаржыны бөлеміз. Жаңа троллейбустарды сатып алу жұмысын қатар жүргізіп, келер жылы жаңа бағыттарды ашамыз. Қазіргі кезде трансформаторлардың қосалқы станцияларының қуаты әлсіз, сондықтан оларды да жаңартуды қолға аламыз. Алматының троллейбус желісі — еліміздегі ең ірі көлік тармағы, — дейді әкім.

Үшінші мәселе — қала сыртына жолаушы тасымалдау. Күн сайын 61 бағыт бойынша 600 автобус қатынайды. Қызмет көрсету сапасы төмен. Автобустардың басым бөлігі тозған. Әкімнің айтуынша, ескі көлікті ауыстырып, жолаушыларға билет беру жүйесін ашық ету қажет. Ол қалалық мобильділік басқармасына қала моделін унификациялау шараларын қарастыруды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұл шаралардың басты мақсаты — қала тұрғындарына сапалы көлік қызметін ұсыну және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.