«Ең үздік отбасы дәрігері және оның командасы» байқауы басталды

Кез келген интернет қолданушысы байқау қатысушыларына Doctor.fms.kz сайтында дауысын бере алады. Ол үшін әуелі өңірді және тізімнен ең білікті дәрігерді таңдау жеткілікті.

Науқастың аурудан айығып кетуі жалпы тәжірибелік дәрігердің білігіне тікелей байланысты. Сондықтан дәрігер барлық дерттің негізін біліп, кез келген жастағы науқасқа қажет медициналық көмек беруі тиіс. Біз бұл байқауды Қазақстанда МӘМС іске қосу шараларының қарсаңында жалпы тәжірибелік дәрігердің роліне ерекше көңіл аудару үшін өткізіп жатырмыз – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Дауыс берер кезде әуелі МӘМС туралы 3 сұрақ қойылады.

Қазақстанның бірқатар қаласы мен ауылындағы медицина мекемелерінде «Ең үздік отбасы дәрігері және оның командасы» мен Гран-при иегері анықталады. Одан бөлек қазылар алқасы әр өңірдің ең үздік 2 дәрігерін таңдайды. Сонымен бірге әлеуметтік медициналық сақтандыруды түсіндіру бойынша ең үздік поликлиника немесе отбасылық денсаулық орталығы анықталады.

Дауыс беру 19 желтоқсанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар 24 желтоқсанда өтетін «МӘМС: Қазақстан медицинасының трансформациясы» республикалық форумында жарияланады.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.