— Әйел босанғаннан кейін қалай күтінуі керек?

— Босанғаннан кейінгі кезең — жүктілік пен босану кезінде өзгеріске ұшыраған ағзаның бұрынғы қалпына келуі. Күтімді ерте және кеш кезең деп қарастырамыз. Ерте кезең деп алғашқы 2-4 сағат шамасын айтамыз. Сол кездегі асқынулар ана өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Босану бөлмесінде дәрігер әйелдің жүрек соғысын, тынысалуын, күретамырдағы қан қысымын, жатырдың жиырылуын бақылайды. Әйелдің жатыр мойны мен қынабы да назарда болады. Қандай да бір кінәрат болса, мамандар қалпына келтіреді.

Босанғаннан кейінгі кеш кезең босанған бөлмеден көшірген уақыттан басталады. Бұл мезгілде жүктілік пен босанғаннан кейінгі барлық өзгеріс өз қалпына келеді. Дененің күш жинап, толық қалпына келуі үшін шама­мен 6-8 апта керек.

Кей әйел перзентханадан шыға салып, үйге келген қонақтарды күтіп, өзіне күтім жасауды ұмытып кетеді. Бұл кезең дұрыс өтуі үшін босанған әйелге тыныш жағдай жасалғаны дұрыс.

Жүктілік физиология процесі болғандықтан босану — ана мен бала үшін күйзеліс кезеңі. Әйел кем дегенде 6 ай мен 3 жыл аралығында келесі жүктілікке дайындалмағаны жөн. Әр баланың арасы 3 жыл болуы керек деп жиі айтамыз. Бірақ оған мән беріп жатқан әйел аз. Егер әр баладан кейін әйел күтінбесе, келесі жүктілігі ауыр болады.

Әйгерім Жұмасбай
Әйгерім Жұмасбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Аналар босанғаннан кейін корсет киюді дұрыс деп есептейді. Ол жатырды емес, ішкі ағзаны қысып жібереді. Корсеттен гөрі баланы жиі емізе берсе, жатыр ақырындап қалпына келеді.

— Бала емізетін ананың тамақтану тәртібі қандай болуы керек?

— Босанған кезде ананың буын-буыны босап, күш-қуаты азаяды. Сол уақытта әйел 40 күн бойы қойдың етін жеп, сорпасын ішуі керек. Қалжа жеу арқылы жоғалтқан дәрменін қалпына келтіріп, сәбидің ширақ, мықты болып өсуіне ықпал етеді.

Жас босанған ана сұйықты көп ішкені дұрыс. Күніне кем дегенде 2 литр су ішуі керек. Сонда босанғаннан кейінгі алғашқы айда іші қатпайды, ішегінің жұмысы жақсарады. Сұйық зат ағзадан токсиндер мен шлакты тер арқылы сыртқа шығарады.

Босанған әйелдердің санасында қалыптасып қалған мынадай түсінік бар: «көп тамақ ішсем, көп сүт шығады», «сүтті шайдан емшек сүті көбейеді» немесе «40 күн бойы жеміс-жидек жеу балаға зиян» деген. Бала емізетін ана тамақты аз-аздан жиі ішуі керек. Сүтті шайды минералды сумен алмастырған жөн. Жеміс-жидекті күніне бір тіліктен көбейте отырып жеу керек. Қажет көлемде ақуыз, май, көмірсу мен дәрумендерге бай тағамды тұтынған дұрыс.

Әйгерім Жұмасбай
Әйгерім Жұмасбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Әйел босанғаннан кейін оның ағзасы біртіндеп қалпына келеді. Соған байланысты гормондары өзгереді. Бұл оның көңіл-күйіне де әсер етеді. Босанғанына бір айдан асса да, әйелдің көңіл-күйі болмай, ештеңеге көңілі толмай жүрсе, мінезі қайтадан бұрынғы табиғи қалпына келмесе, психолог маманға жүгінуге кеңес беремін.

— Босанған әйел емшегін қалай күтуі керек?

— Сәбидің алғашқы 6 айында ана сүтіне тең келер ешбір ас жоқ. Ана сүтінің құрамында балаға қажет барлық дәрумен бар. Баланы ұзақ емізудің тағы бір пайдасы — жоспарсыз жүктіліктен сақтайды. Емізу мүлдем мүмкін бол­ма­ған жағдайда ғана оны қолдан тамақтандыру керек. Босанғаннан кейінгі алғашқы күндері емшек қатайып, ауыр­лайды. Бұл сүттің пайда болуына байланысты.

Әйел омырауынан аздап сүт сығып алып, емшек ұшына жағып тұру керек. Емшек ұшы жарылмас үшін жүктіліктің соңғы апталарында оны сүлгімен сүртіп қою керек.

Айгерім Жұмасбай
Әйгерім Жұмасбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Емшегі жарылып кетпеуі үшін жас ана емізу техникасын білуі керек. Сәби емшек емгенде оның ұшы таңдайына дейін жетіп, ареола баланың ернін қамтып жатуы керек. Кейбір әйел емшектің қорғаныс қабатын бұзатын антисептик пен сабын қолданады. Ыңғайы келсе, кремдерді қолданбаған абзалырақ.

Емшек күтімінде тағы бір ескеретін дүние — массаж жасамау. Маммолог дәрігерлер босанған әйелдерге емшек ауырмауы үшін оны тек жоғарыдан төмен қарай сипау керек екенін ескертеді.

Омыраудан кейін қынаптан бөлініп шығатын лохияға аса назар аудару керек. Ол етеккір емес. Табиғи жолмен босанса да, баланы ішін жарғызып алса да, әйелдің жатырынан лохия сұйығы бөлінеді. Ол 2-4 аптаға дейін жалғасады. Егер иісі жағымсыз болып, мөлшері 6 апта ішінде азаймаса, дәрігерге қаралғаны жөн.