Мерекелік шарада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Бұл туралы консерваторияның баспасөз қызметі хабарлады.
Министр консерваторияның ардагер ұстаздары Базарғали Жаманбаевқа, Ғафиз Есімовке, Юрий Клушкин мен Базархан Қосбасаровқа Мемлекет басшысының алғысхатын табыстады. Мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан консерваторияның бірқатар маманы кеудесіне Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты.
Кеште Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың да құттықтау хаты оқылды. Қазақ елінің өнері мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан консерватория қызметкерлері Алматы әкімінің «Еңбегі үшін» медалімен және алғысхатымен, Алматының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерейтой құрметіне арналған мерекелік концерт бағдарламасында консерваторияның ең үздік орындаушы солистері, студент оркестрі, ансамбль және хор ұжымдарының қатысуымен таңдаулы классикалық туындылар және дәстүрлі ән-күй орындалды. Әлемдік сахналарда дәстүрлі өнерімізді биік деңгейде насихаттап жүрген, оқу орны түлектерінен құрылған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі де өнер көрсетті, — деп жазылған хабарламада.
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы талай талантты дайындап шығарды. Олардың қатарында қазақтың әйгілі күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев, композитор Шәмші Қалдаяқов, КСРО мен Қазақстанның халық артисі Ермек Серкебаев, КСРО-ның халық артисі Бибігүл Төлегенова бар. Кейінгі буын Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Талғат Мұсабаев сияқты классика өнер жұлдыздары да осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Қазір консерваторияны оқу орнының түлегі Арман Жүдебаев басқарып отыр.