Алматы әкімі аудандық полиция басшыларына сөгіс жариялады

Әкімнің айтуынша, қала тұрғындары полицияның көшедегі тұрақтарында учаске инспекторларының болмайтынына шағымданған.

Кеше кешкісін Atakent-те, «Мерей» сауда орталығында, «Көкбазарда», «Арбатта», Меңдіқұлов — Бектұров көшелерінің бұрышында, Ганди паркінде орналасқан пунктілерді еш ескертусіз тексердім. Олардың біреуінде ғана учаске инспекторы болды. Ал қалғандарында жарық жанғанымен кезекші болған жоқ, полиция қызметкерінің орнына сауда орталықтарының күзетшілері отырды, — деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram-парақшасында.

Алматы әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бұлайша немқұрайлы қарауға болмайды деп есептейді. Ол бүгін — 18 қарашада аппарат жиынында Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевқа ескерту жасады.

Медеу, Алмалы, Бостандық, Жетісу аудандарының полиция басшыларына сөгіс жариялауды тапсырдым. Бақылау болмауына байланысты аудан әкімдеріне де ескерту айтылды. Атқарылатын жұмыс жөнінде қалалықтардың ескертуі назарға алынады. Алматылықтардың қауіпсіздігі — жұмысымыздың басты бағыттарының бірі, — деді Бақытжан Сағынтаев.