Нұрсұлтан Назарбаев Нұрғиса Тілендиевтің қызына алғыс айтты

Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мәдениет пен өнер саласына тұрақты түрде қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.

Сіздің әкеңізбен ұзақ жыл бойы жақсы таныс болдық. Академиялық деген атағы бар «Отырар сазы» оркестрі сол кісінің есімімен аталады. Кезінде бұл оркестрде 6 адам бар еді, қазір 66 музыкант жұмыс істейді, — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау ісінде фольклорлық-этнографиялық оркестрдің ролі ерекше екенін айтты.

Гастрольмен Францияға бардыңыздар, Астанада өнер көрсеттіңіздер. Халқымыздың музыкалық аспаптарын бүкіл әлемге танытып жүрсіздер. Төл өнерімізді дәріптеу мақсатымен Ұлттық домбыра күні де бекітілді. Оны мерекелеуге 1 мыңнан астам домбырашы қатысты. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарына сай келеді. Сіз ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ісін жалғастырып келесіз, сол үшін алғыс айтамын, — деді Президент.

Дінзухра Тілендиева ұлттық өнер саласын дамытуға зор мән беріп отырғаны үшін Президентке алғыс білдіріп, елімізде жүзеге асырылып жатқан даму бағдарламаларын қолдайтынын айтты.