Нұрсұлтан Назарбаев жастарға пайдасы тиетін жаңа жобаларды атады

Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаттарымен және Қазақстанның басқа да талантты жастарымен кездесті. 

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жастар Нұрсұлтан Назарбаевқа жетістіктері туралы айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев жастардың одан әрі жетілуіне тең жағдай жасау үшін қолға алынған шаралар туралы айтты.

Жастар жылы аясында талантты және қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Ел үмiтi» бастамасын ұсындым. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент қоры қолға алып, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Қазір қор ауқымды трансформация кезеңінде. Қор білім беру, әлеуметтік даму және жастар бастамаларын жан-жақты қолдау құрылымына айналады, — деді Елбасы.

Ол «Ел үмiтi» бастамасы аясында алда атқарылатын жұмыстың маңызды бағыттарын атады. 

Біз студенттердің қабілеттері мен кәсіби бағдарын анықтайтын кешенді жүйе құрамыз. 2020 жылы барлық өңірде оқушылардың қабілеттері мен кәсіптік бағдарын ерте анықтайтын арнайы орталықтар ашылады. Онда дарынды балалардың қабілетін диагностикалаудың үздік әлемдік тәжірибеге негізделген заманауи әдістері қолданылады, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жақын арада Нұр-Сұлтанда үздік білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін болашақ мамандықтар орталығы мен арнайы ақпарат алаңы құрылады. Сонымен бірге Тұңғыш Президент қоры бағдарламасы аясында «Мың бала» олимпиадасы ұйымдастырылып, ауыл мектептеріндегі 1000 үздік оқушы талантты балаларға арналған «Дарын»  мектептерінде білімін жалғастырады. Арнайы бағдарлама бойынша ауыл мектептеріне модернизация жүргізіледі, 2020 жылы бірінші кезеңде 14 мектеп таңдалады. Бағдарлама аясында бұл мектептердегі педагогтар республиканың жетекші мектептері мен жетекші халықаралық университеттердегі оқытудың заманауи әдістерін меңгереді.

Елбасы жас көшбасшылар тобын құру процесіне де ерекше назар аударды.

Біз көшбасшылық қасиеттерді дамыту мен өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді күшейту үшін арнайы жобаны қолға алдық. Жастарды өзін-өзі дамытуға және жетістікке жетелейтін мұндай бағдарламалар әлемде өте танымал. Жаңа бағдарламада 7 бағыт қамтылады: физикалық даму, тұлғалық қасиеттерді дамыту, кітап оқу, еріктілердің қызметіне атсалысу, экспедициялар мен сапарларға қатысу, ұлттық мұраны сақтау және тәжірибе жинау, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды «Ел үміті» бастамасын іске асыруға белсене қатысуға үндеді.

Талантты жастармен кездесуден соң Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрі мен эстрада жұлдыздарының Тұңғыш Президент күніне арналған концертіне барды. Концерт алдында ол «Тарихи таңдау» көрмесін аралап көрді. Экспозициялар Елбасы кітапханасының музей коллекциясындағы 220 бірегей жәдігерден құралған.