Әсет Исекешев — Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры

Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымынан босаған Әсет Исекешев жаңа қызметке тағайындалды. Оның тағайындалуы туралы жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының шешімімен Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының атқарушы директоры болып тағайындалды, — делінген ҚР Президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Әсет Исекешев 24 наурыз күні ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен оның орнына Бақытжан Сағынтаев тағайындалды.

Еске салайық, бүгін, 25 наурызда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Елбасы кеңсесі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тағайындалды.