Алматы әкімі: Қаланы жастардың арманына сай дамытамыз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен бірге «Ел үміті» дарынды жастар форумының эстафетасын қабылдады.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ел үміті» жобасының мақсаты — ел бойынша талантты да іскер 1 000 жасты таңдау, олардың тәжірибесін насихаттау.

Әрқайсыңыздың жетістігіңізді саралай келе біз еліміздің барлық жасын үнемі өз бетімен жұмыс істеп, жаңа белеске қол жеткізуге, тілтабысқыш әрі белсенді болуға үндейміз. Әркімнің тағдыры өз қолында. Көшбасшы болыңыздар, болашаққа батыл мақсаттар қойып, соған қол жеткізіңіздер, — деді Бақытжан Сағынтаев форумға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Алматыда 700 мыңға жуық жас адам тұрады, қаланың әрбір үшінші тұрғыны осы санатқа жатады. Оның 230 мыңнан астамы — студент. Олар 39 жоғары оқу орнында және 81 колледжде білім алып жатыр.

Талант, энергия мен креатив қабілет — қаламыздың бәсекедегі ең басты артықшылығы. Біз мұны түсінеміз және бағалаймыз. Алматы жастардың мәселеcін шешеді, жұмысқа орналастырады, оларға кәсіби дағды береді, олардың бизнес бастамаларын қолдайды. Біз қаланы жас ұрпақтың өзінің «алматылық арманын» іске асыра алатындай етіп дамытамыз, — деді Алматы әкімі.

«Ел үміті» форумында Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының және Шымкент пен Алматының белсенді жастары ғылым мен білім, бизнес пен медицина, мәдениет және спорт, экономика және қоғам өмірі салалары бойынша Тұңғыш Президент қорының қолдау бағдарламаларының арқасында жеткен табысы туралы әңгімеледі.