Әуезов театрының жас режиссеры Алмат Шәріповтің ұйымдастыруымен өткен кешті аткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов жүргізді. Бұл туралы театрдың Instagram-парақшасында жазылды.
Кеш жас артистер Азат Тұрарбеков пен Захира Рахымжанның «Ғашықтар диалогынан» басталды. Талантты актер Мейрамбек Тағанов «Айқаракөз» әнін орындады. Уәйіс Сұлтанғазыұлын еске алу кешіне оның туған-туыстары мен Әуезов театры ұжымы қатысты. Актермен бірге жұмыс істеген Есмұхан Обаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әубәкір Рахимов, Жұмағали Маханов, Асылбек Боранбай, Данагүл Темірсұлтанова сынды артистер сахна төріне шығып, актер жайлы, сомдаған рольдері туралы естелік айтып берді, — деп жазылған театрдың Instagram-парақшасында.
Еске алу кешінде театр директоры Сәбит Әбдіхалықов Уәйіс Сұлтанғазыұлының жары Шолпан Сұлтанғазинаға театр ұжымы атынан камзол кигізіп, ілтипат білдірді. Қонақтар театр музейінен Уәйіс Сұлтанғазыұлының жеке шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.