Сәбит Әбдіхалықов қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына басшы болды

Театр актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Театр ұжымына жаңа директорды Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

Сәбит Әбдіхалықов 1973 жылы 1 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Рабат ауылында дүниеге келген. 1996 жылы қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Еңбек жолын «Бауыржан-шоу» әзіл-сықақ театрының актеры болып бастады. Кейін «Тамаша», «Мафия мен Тақия» әзіл-сықақ театрларында қызмет етті. 2006-2007 жылдары «Қазақ әуендері» АҚ филиалының «Қазығұрт» эстрада театрының жетекшісі, 2008-2012 жылдары қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық орталығының жетекшісі, академияның аға оқытушысы, 2012-2013 жылдары осы академияның проректоры міндетін атқарушы, 2013 жылы ОҚО мәдениет басқармасының «Оңтүстік-Цирк» МКҚК директоры, 2014-2015 жылдары «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің» директоры болды.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ол Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарды.