Алматыда опера әншісі Зарина Алтынбаева “Абай” операсындағы Ажардың ариясына түсірілген бейнеклипін көрсетті. Операны композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазған еді. Зарина Алтынбаева театр маусымдарын бірнеше рет Ажар ролімен ашқан.

Бейнеклипте Абайдың шәкірті, жаңашыл жас Айдар мен өзінің бас бостандығын аңсаған Ажардың махаббат оқиғасы баяндалады. Айдар – әділдікті көксеген, дарынды жас ақын. Ажар болса, әділетсіздікке қарсы күресіп, сол үшін Абайдың алдына да барған.

Жаңа бейнеклипте Абайдың ролін сомдаған актер Болат Әбділманов қазір шын өнерге жасандылық бақталас болғанын айтты.

Зарина Алтынбаева
Болат Әбділманов. Фото: Талғат Ғалымов.

Өкінішке қарай, фонограммашылар классика өнердің алдын орап келеді. Бірақ шын өнер өлмейді. Өйткені оның Зарина сияқты өкілдері бар. Оны өнерге алғаш келген құлыншақ кезінен білемін. Ол өнерге жаңа толқынның келгенін көрсетті. Кейін біраз уақыт Заринаны жоғалтып алдық. Сөйтсем, кәсіби шеберлігін шыңдап жүрген екен, Лондонда білім алып келіпті. Бүгінгі бейнеклип өнерді құрметтейтін көрермен үшін керек дүние деп ойлаймын, – деді Болат Әбділманов.

Клипті Заринаның сіңлісі Мәдина Алтынбаева түсірген. Сценарисі де, режиссеры да – сол. Ол Ажарды батыл, солай бола тұра нәзік кейіпкер етіп көрсеткісі келгенін айтты.

Зарина Алтынбаева
Зарина мен Мәдина Алтынбаевалар. Фото: Талғат Ғалымов.

Мен Ажарды Абай бастаған соттың алдында өзінің кім екенін дәлелдей алған қазақ қызы ретінде көрдім. Сол бейне көрерменге жетер деп үміттенемін. Бізге костюм берген, декорацияға көмектескен Абай атындағы опера және балет театрына алғыс айтамын, – деді Мәдина Алтынбаева.

Зарина Алтынбаева Абай атындағы опера және балет театрындағы алғашқы қадамын осы Ажардың ариясынан бастағанын айтты.

Осы ариямен шетелге гастрольге шығып жүрмін. Қазір музыка каналдары бұл бейнеклипті қайтерін білмей отыр. Өйткені бұл поп-музыка да, эстрада жанрындағы ән де, той әні де емес, – деді әнші.

Зарина Алтынбаева – опера әншісі, Абай атындағы опера және балет театрының жетекші опера солисі.  Ол 2018 жылы Жапонияда өткен Tokyo Music Competition байқауының жеңімпазы. 2017 жылы Алматыда өткен Қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында Димаш Құдайбергенмен бірге ән шырқады. 2019 жылдың жазында Италиядағы Montecatini Opera Competition-2019 халықаралық опера байқауында 2-орынға ие болды.