Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның өнер...

Қазақстанның өнер жұлдыздары Абай әндерін шырқады

Алматыда мерейтойға орай ұйымдастырылған «Абай әндері» кешінде өнер жұлдыздары ақын сөзіне жазылған әндерді айтып, студенттер өлеңін оқыды. Кеште ақынның «Өзгеге көңілім тоярсың» әнінің түпнұсқасын дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали орындады.

Әннің түпнұсқасын Қарқаралы өңірінің тумасы Мұхамед Кәрім есімді әнші жеткізген. Музыкант-этнограф Александр Затаевичтің кітабында бұл ән «Өлеңді қайтіп қоярсың?!» деген атпен шығыпты. Абайдың өз әні «Көзімнің қарасын» білесіздер. Ақынның бар ән мұрасын Әлмағамбет Қапсаламов есімді ұлы әнші жеткізді. Бүгін бұл әнді сол кісінің орындауындағы нұсқасымен шырқағалы тұрмыз, — деді Ерлан Рысқали.

Абай әндері
Мұрат Әбуғазы шәкірттерімен. Фото: Жазира Жүнісова

Абай Құнанбайұлы — ақын ғана емес, күйші де. Оның «Торжорға» мен «Май түні» атты күйлерін теледидардан алғашқылардың бірі болып Ғайса Сармурзин есімді жазушы-журналист орындаған. Ал бұл күйлерді нотаға Уәли Бекенов түсірді. Абай шығармашылығына арналған кеште бұл күйлерді домбырашы Мұрат Әбуғазы шәкірттерімен орындады. Кеште Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері өлең оқыды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау туралы жарлыққа қол қойған еді. Мерейтойдың нүктесі 2020 жылы Парижде абайтанушы ғалымдар мен шетелдің әдебиетші ғалымдарының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференцияда қойылады.