«Адамзаттың Абайы» шарасында ақынға өлең арналды

Алматы әкімдігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі «Адамзаттың Абайы» атты шарасын өткізді.

Ұлы Абайдың туған күніне орай өткізілген шарада мектеп оқушылары Абай өлеңдері мен қара сөзінен үзінділер оқып, театрланған қойылым қойды. Қайсар Қауымбек, Әділет Ахмет, Батырхан Сәрсенхан, Мақпал Мыса мен Алтыншапақ Хаутай ақынға арнау оқыды. Дәстүрлі әнші Талғат Әбуғазы «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» әндерін  орындады.

Ақынның өлеңін нақышына келтіріп оқып, көпшілікке жеткізу актерлардың міндеті болса, ақынға өлең арнап, Абай шығармашылығы туралы ой қозғау — ақын-жазушылардың міндеті. Абайды шет жұртқа танытудың кемшін тұсы көп екен. Сол үшін келер жылы ақын шығармаларын БҰҰ-ның ресми алты тіліне аударып, жаңа нұсқамен шығарайын деп жатырмыз, — деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

Айта кетейік, биыл 30 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын республика көлемінде атап өту туралы жарлыққа қол қойды. Мерейтойды дайындау және өткізу жөнінде комиссия құрылды. Үкімет ұлы ақынның мерейтойын атап өту үшін 500-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлаған. Айтулы мерейтойға орай Абай өлеңдерін оқу эстафетасы жалғасып жатыр. Эстафетаға Беларусь, Ұлыбритания, Италия, Египет, Түркия, АҚШ, Украина, Австралия, Қырғызстан, Франция, Қытай және Ресей азаматтары да қатысып жатыр.