Ули Маурер Қасым-Жомарт Тоқаевқа: Біздің мақсат-мұратымыз ортақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Президенті Ули Маурермен шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, екіжақты келіссөздердің алдында Қазақстан басшысы Швейцария Президентін салтанатты жағдайда қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік Әнұрандары шырқалғаннан кейін Құрметті қарауыл ротасының бастығы рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрметті қарауылды аралап өтіп, шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Ақорданың шығыс залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияны Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды әріптестерінің бірі деп есептейтінін айтты.

Мемлекеттеріміз арасында барлық сала бойынша, әсіресе экономика бағытында тату ынтымақтастық орнаған. Швейцария — Қазақстан экономикасындағы маңызды инвесторлардың және негізгі сауда серіктестерінің бірі, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Швейцария Президентімен бірге бизнес-делегация өкілдігінің де келуі осы сапардың маңызын арттыра түсетінін айтты.

Ули Маурер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстанды өз елінің аса маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын айтты.

Біз саяси қолдау көрсеткеніңіз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ. Ал экономикалық байланыстарымызға келер болсақ, кейінгі жылдары бұл саланың даму қарқыны артып келеді. Біздің өзара сапар алмасуымыз қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын, — деді Ули Маурер.