Көкшетауда ең талантты домбырашы балалар анықталды

Байқаудың негізгі мақсаты – жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу, қолдау.

балалар байқауы
Фото: Ақмола облыстық коммуникациялар қызметі

Көкшетауда мектеп оқушылары арасында “Қасиетті домбыра” дәстүрлі облыстық байқауы өтті. Бұл туралы Ақмола облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Байқауға Аққөл, Бұланды, Біржан сал, Бурабай, Есіл, Жақсы, Зеренді, Целиноград, Қорғалжын аудандарынан және Көкшетау мен Степногорскіден барлығы 40-тан астам домбырашы балалар қатысты.

Жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталды: “Үздік күйші”, “Үздік дәстүрлі әнші”, “Үздік термеші”.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан І жас санаты бойынша “Үздік күйші” номинациясының жеңімпазы Есіл ауданының оқушысы Рахат Жанахмет, жетекшісі Саим Базгалеев, орындаған күйлері: “Жұмыр қылыш” және “Күлтегін”. ІІ жас санаты бойынша “Үздік күйші” номинациясының жеңімпазы Есіл ауданының оқушысы Ислам Бақтыбек, жетекшісі Нағима Хасенова, орындаған күйлері: “Көк ала ат”, “Көпжасар”. І жас санаты бойынша “Үздік дәстүрлі әнші” номинациясының жеңімпазы Біржан сал ауданының оқушысы Әнәс Иманғазы, жетекшісі Жеңіс Алжанов, орындаған әні “Сайра бұлбұлым”. ІІ жас санаты бойынша “Үздік дәстүрлі әнші” номинациясының жеңімпазы Целиноград ауданының оқушысы Саяхат Анарбекұлы, жетекшісі Ләлә Сіләнбек, орындаған әні “Сарыжайлау”.

Қатысушы Жалғас Асылбектің дәстүрлі ән орындап жүргеніне бір жыл болған.

Дәстүрлі әнге қатысқаныма бір жыл болғандықтан бүгінде өзімнің репертуарымда 10 ән бар. Соның ішінде ең жақсы көретін әндерімнің бірі “Көкшетау” әні. Табиғаты сұлу Көкше жеріне осы әнімді әкеліп отырмын.

Байқаудың негізгі мақсаты – жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу және қолдау, қазақтың өнерін кеңінен насихаттау.

Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің директоры Саян Мұхамедияр, өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының домбыра студиясының жетекшісі Гүлфруза Абжанова және Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, домбырашы Бауыржан Балтин сайысқа қазылық етті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!