Алматы мен Мәскеу арасындағы байланыс тағы 4 жылға нығаяды

Мәскеу мәдениеті күндері аясында инвестиция, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастық мәселелері бойынша өткен конференцияда Алматы әкімдігі мен Мәскеу үкіметі арасында 2020-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат сауда-экономикалық, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықтағы екіжақты қарым-қатынасты айқындайды.

Алматы әкімдігі тарапынан меморандумға қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Мәскеу үкіметі жағынан Мәскеу үкіметінің министрі, сыртқыэкономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черемин қол қойды.

Алматы-Мәскеу бауырластығының 25 жылдығына арналған конференцияда Ержан Бабақұмаров Алматыдағы Мәскеу күндері екі қаланың пайдасы үшін тәжірибе, идея және жоспар алмасуға мүмкіндік беретінін айтты.

Кезінде Алматыда тарихи және мәдени тұтастық біріктірген Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық маңызы бар байланыстар туындаған еді. Біз қазіргі заманғы Мәскеудің даму үрдісін жіті қадағалаймыз, жетістігіне қуанамыз, озық тәжірибесін үйренеміз, — деді Ержан Бабақұмаров.

Қала әкімінің орынбасары Алматы Қазақстанның мәдени және іскерлік орталығы екенін және дамыған инфрақұрылым, қаламыздың зияткерлік және мәдени бай мұрасы мен ондаған жыл бойы жинақталған адами капитал креатив экономиканың дамуына кеңінен жол ашатынын айтты.

Қалаларымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жергілікті әкімшілік, іскер жандар мен шығармашыл ұжымдар делегацияларының пікір алмасу сапарларының, кездесулерінің, келіссөз жүргізулерінің маңызы зор, — деді Ержан Бабақұмаров.

Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықта Мәскеу мен Алматының басты роль атқаратынын айтты.

Алматы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 4,7 миллиард долларға жетті. Ал Мәскеу мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4 миллиард доллар болады. Алматыдағы Мәскеу күндері іскерлік мазмұнға бай әрі екіжақты байланысты одан әрі нығайта түседі, — деді Бас консул.

Мәскеудің Алматыдағы күндері барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мәскеу үкіметінің министрі, сыртқыэкономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Череминді қабылдады.

Сергей Черемин Мәскеуден келген делегацияны басқарады. Ол Бақытжан Сағынтаевқа дамудың қалалық бағдарламаларын іске асыру, қоғамдық кеңістікті өзгерту тәжірибесі, денсаулық сақтау мен білім саласындағы реформалар, тұрғын үй қоры мен көлік инфрақұрылымын модернизациялау, коммуналдық шаруашылықты цифрландыру және мегаполистің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету туралы айтты.

Алматы әкімінің айтуынша, қаланы басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен инновацияны енгізуде Мәскеудің даму тәжірибесі ұтымды және Мәскеу сияқты Алматы да көпорталықты түрде дамиды. Ол «шетсіз қала» қағидасы бойынша қаланың қай тұсының тұрғынына да жайлы тұрмыс пен әлеуметтік қызметтерді алуға қажет барлық жағдай жасалатынын айтты.

Алматы мен Мәскеудің ынтымақтастықта және денсаулық сақтауды, білім беруді, көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және цифрландыруды модернизациялау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуда жақсы перспективалары бар, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, 5 қараша күні Алматы әкімдігі мен Санкт-Петербург үкіметі денсаулық сақтау, білім, туризм, мәдениет, шағын және орта бизнес салаларында ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуге келіскен еді.