Медеу ауданында тұрғындардың арызы бойынша жұмыс жүріп жатыр

Бақытжан Сағынтаевпен кездескен аудан тұрғындары 79 сауал қойған еді. Оның 10-ы шешіліп, 24-і бойынша түсіндіру жұмысы жүрген. Ал қалған 45 мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Аудан әкімі Шахмардан Ибрагимов көшесінің абаттандырылғанын, Алатау ықшамауданында балалар алаңы мен Ардагерлер аллеясының ашылғанын айтты.

Көкбазар маңында стихиялы сауданы жою үшін полицияның 2 күзет пункті қойылды. Мониторинг бойынша ведомствоаралық жұмысшы тобы құрылды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында Таулықырат ықшамауданындағы Исатай Тайманов көшесіне футбол және уоркаут алаңдарын жасап жатырмыз, — деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Оның айтуынша, Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Горная көшесіндегі үйлер тексерілді. Ондағы 35 үйде 165 адам тұрады. Тексеру барысында 18 үйдің топырақ көшкініне ұрынуы мүмкін екені анықталған. Шығыс беткейдегі 6, солтүстік беткейдегі 4 үй қауіпті аймақта орналасқан. 10 үй қалпына келтіріледі. Аудан басшысы, қалған үйлердің жөндеуді қажет етпейтінін айтты.

Алматы әкімі айтқан «Шетсіз қала» қағидасына сәйкес, Аққайың, Көлсай, Сұлусай, Алатау, Бутаковка ықшамаудандары мен Каменка қыраты елді мекеніне жол салынады. Сумен қамтитын және суды бөлетін құбырыларды, әлеуметтік маңызы бар білім мен медицина мекемелерін, спорт кешендерін, парк пен полицияның күзет пунктілерін ашу қажет, — деді аудан әкімі.

«Шетсіз қала, шекарасыз медицина» қағидасы бойынша тамыз бен қыркүйекте Кеңсай мен Каменка қыраты тұрғын үй алаптарында дәрігерлік амбулаториялар ашылған.