Бақытжан Сағынтаев Алматының IT саласы өкілдерімен кездесті

Бақытжан Сағынтаев қаланың IT-қоғамдастығымен кездесті. Алматы әкімі қатысушылармен бірге саланы қолдау және дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен бірге арнайы кеңестің құрылатынын мәлімдеді.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, электрон коммерция, онлайн қызметтер, бөлшек сауда, логистика, қаржы технологиясы, көлік мобильділігі, білім беру, инвестиция салаларымен айналысатын цифрлық компаниялардың өкілдері осы саладағы экожүйенің одан әрі қалыптасуы туралы ұсыныстарын айтты.

Бейнебақылау жүйесін жасаушы Қайрат Ахметов мәселені «Алатау» инновация технологиялар паркінде студенттер кампусын ашу арқылы шешуді ұсынды, ал қаржы технологиясы маманы Руслан Омаров университеттерде студенттік зертханалар ашуды ұсынды. Жамбыл Ревшановтың компаниясы Алматыда халықаралық ІТ мектебін ашуды жоспарлап отыр.

Кездесуге қатысушылардың барлығы бұл саланы тиімді реттеудің, цифрландыру саласында жеке бизнесті қолдау мен дамытудың түсінікті ережелерін жасауды ұсынды. Бұған Қазақстан Интернет-бизнес қауымдастығының президенті Константин Горожанкин ұсынған IT-кеңесті құру көмектесе алады. Константин Горожанкиннің айтуынша, IT-қоғамдастық жақсы өзгерістерге үміттенеді.

Константин Горожанкин
Константин Горожанкин. Фото: Almaty.gov.kz

Сіздің келгеніңіздің арқасында саламыз үшін жақсы экожүйе құру мүмкіндігі пайда болды. Кеңес арқылы біз қалаға қажет жобаларды анықтауда сарапшы ретінде көмектесе аламыз, — деді Константин Горожанкин.

Бақытжан Сағынтаев ІТ-қоғамдастығының барлық өкілінің ойын тыңдаған соң ақпараттық технологиялар саласында арнайы кеңес құру туралы ұсынысты қолдады.

Жақында қаланы дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала өмірінің барлық саласын цифрландыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондықтан сіздің көмегіңіз біз үшін маңызды. Құрылған IT-кеңестің аясында біз айына бір рет кездесіп, нақты сұрақ қойып, олардың шешімін табамыз. Ең бастысы, кеңес IT саласын дамыту үшін қолайлы жағдай туғызатын тиімді алаңға айналады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімдігі инфрақұрылымды құруға, барлық мүдделі тараптың қызметін үйлестіруге көмектеседі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Алматы осы салада әлемдегі ең инновациялы және ілгері жылжыған қалалардың бірі болуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндік, ең бастысы — бай адам капиталы бар. Ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының әлеуетін пайдалану қажет.