Алматы әкімі «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымын мерейтоймен құттықтады

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтойға арналған шарада газеттің 1919 жылдан басталған даму экспозициясы қойылды.

Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев «Егемен Қазақстанның» тарихы «Ұшқын» газетінен басталатынын айтты.

Бүгін газеттің 29 696-нөмірі жарық көрді. Кезінде бұл басылымды Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Шәріпов, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев сынды тұлғалар басқарып еді. Олар газеттің әр нөміріне қайталанбас қолтаңбасын қалдыра білді. Бұл тұлғаларды Отанға деген махаббат пен оқырманға деген құрмет біріктірді, – деді Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаев «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Нұрлан Оразалин мен газеттің қазіргі басшысы Дархан Қыдырәлінің Алматының дамуына қосқан қызметін ескеріп, «Енбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.